Наурызбай ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында аулаларды көркейтуге, жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға және қалалық ортаны жақсартуға бағытталған 35 жоба жүзеге асырылуда. Нысандардың бір бөлігі аяқталса, қалғандарында жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Тараз көшесіндегі автотұрақ аумағын көркейту жұмыстары аяқталды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы сәуірден маусымға дейін жүргізілді. Жоба аясында аумақ кешенді түрде ретке келтіріліп, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы пайдалануына бейімделді. 2 000 шаршы метр аумаққа жаңа асфальтбетон жабыны төселіп, автотұрақ аймағының жағдайы жақсартылды. Жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау үшін 300 шаршы метр тротуар салынып, тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына мүмкіндік жасалды.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 558 метр арық желісі салынды. Ол жаңбыр және еріген қар суын ретімен бұрып, аумақты тиісті жағдайда ұстауға мүмкіндік береді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде автотұрақ кеңістігі көркейтіліп, функционалдық мүмкіндігі артты, ал іргелес аумақ көлік жүргізушілері мен жүргіншілер үшін қолайлы бола түсті.
Аяқталған жобалардың тағы бірі – Айтматов көшесіндегі балалар ойын алаңын көркейту. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы мамырдан маусымға дейін жүргізілді. Жоба аясында алаң аумағы толық жаңартылды. Ескі ойын жабдықтары мен металл қоршаулар алынып, жаңа негіз дайындалды және шамамен 385 шаршы метр асфальтбетон жабыны төселді. Балаларға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау үшін заманауи ойын жабдықтары орнатылып, қалыңдығы 1,5 см арнайы тартан жабыны төселді. Сондай-ақ жиектастар орнатылып, іргелес аумақ көріктендірілді және 60 текше метрге жуық құрылыс қалдығы шығарылды.
Балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Алаң қоршаумен жабдықталған, бұл ата-аналардың балаларын серуен кезінде алаңсыз бақылауына мүмкіндік береді. Нәтижесінде ескірген алаңның орнына балалардың ойыны мен белсенді демалысына арналған заманауи, көркейтілген және қауіпсіз кеңістік пайда болды. Қазір бұл орын отбасылық демалыс үшін сұранысқа ие алаңдардың біріне айналды.
Дәулеткерей көшесіндегі аумақ та жаңарды. Бағдарлама аясында мұнда балалар ойын алаңы көркейтілді. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы маусымнан тамызға дейін жүргізілді. Жоба аясында аумақ кешенді түрде жаңартылып, жиектастар мен жаңа асфальтбетон жабыны төселді, заманауи спорт жабдықтары мен шағын сәулет нысандары орнатылды. Балалар мен тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысы үшін сыртқы жарықтандыру жүйесі жасалып, іргелес аумақ ретке келтірілді. Нәтижесінде жаңартылған алаң балалар ойынына, спортпен айналысуға және отбасылық демалысқа арналған функционалды әрі жайлы кеңістікке айналды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Нұрлы таң көшесінде де заманауи балалар алаңы салынды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылғы маусымнан тамызға дейін жүргізілді. Жоба аясында аумақ толық көркейтілді. Мұнда заманауи балалар ойын жабдықтары мен шағын сәулет нысандары орнатылып, қауіпсіз тартан жабыны төселді, сыртқы жарықтандыру мен қоршау жасалды. Сондай-ақ іргелес аумақ ретке келтіріліп, балалар мен ата-аналар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылды. Жоба нәтижесінде Нұрлы таң көшесінің тұрғындары балалардың ойынына, серуендеуіне және белсенді демалысына арналған заманауи кеңістікке ие болды.
Тұрғындардың айтуынша, жаңартылған алаңдар қазірдің өзінде отбасылық демалыс үшін сұранысқа ие орынға айналған.
«Осы алаңды салуға атсалысқан барша азаматқа алғысымыз шексіз. Атқарылған жұмыс үшін әкімдікке үлкен рақмет. Балаларымыз үшін бұл ойын ойнап, демалатын тамаша орын болды. Мұнда бәрі ыңғайлы әрі жан-жақты ойластырылған, қоршауы да бар, сондықтан балалардың қауіпсіздігіне алаңдамаймыз. Оларға мұнда уақыт өткізу шынымен қызықты. Біз, аудан тұрғындары, өте ризамыз және осындай алаң үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», – деді аудан тұрғыны.