Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бақты – Аягөз» теміржол желісін салудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Ауқымды жобаны іске асыру еліміздің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытуға, Қытаймен теміржол қатынасын кеңейтуге және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізілуде. Жер жұмыстарының 92%-ы орындалды. Сонымен қатар жасанды құрылыстар салу және жолдың жоғарғы құрылымын төсеу жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылдың соңына дейін 70 шақырым рельс-шпал торын төсеу жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарына 870-ке жуық арнайы техника мен 1 450 маман жұмылдырылған.
Жаңа теміржол желісінің жалпы ұзындығы 303 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын аяқтап, теміржол желісін пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
Жобаны іске асырудың негізгі нәтижелерінің бірі Қазақстан мен Қытай арасындағы үшінші теміржол шекара өткелінің ашылуы болмақ. Бұл қолданыстағы Достық және Алтынкөл станцияларының өткізу пункттеріне түсетін жүктемені азайтуға, жүк ағындарын бөлудің тиімділігін арттыруға және тасымалдау көлемін ұлғайтуға қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыттың өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке дейін жетеді деп күтілуде. Теміржол желісінің іске қосылуы Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, отандық өнімдерді Қытай нарығына жеткізу көлемін арттыруға, қосымша транзиттік жүк ағындарын тартуға және екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.