11 қараша күні «Нұрлы жол» вокзалынан Қазақстанда швейцариялық компания технологиясы бойынша шығарылған Stadler вагондарынан құрылған алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты. Вагондар күн сайын № 3/4 «Нұрлы жол – Алматы-2» пойызының құрамында жүретін болады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жолаушылар тасымалын жаңғырту және халыққа көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – Қазақстан азаматтары үшін қауіпсіз, жайлы әрі қолжетімді теміржол тасымалын қамтамасыз ету. Жыл сайын миллиондаған қазақстандықтар теміржол көлігін пайдаланады. Еліміздің көптеген тұрғындары үшін пойыз басқа өңірлермен қатынаудың негізгі әрі қолжетімді түрлерінің бірі болып қала береді. Сондықтан жолаушылар вагондары паркін жаңарту мемлекеттік көлік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады», – деп атап өтті Жәнібек Тайжанов.
Stadler вагондары Қазақстанның климаттық жағдайларына бейінделген және – 50-ден + 45 градусқа дейінгі температурада пайдалануға есептелген. Қызмет ету мерзімі 40 жыл.

Купе вагондары 40 жолаушыға, плацкарт вагондары 58 жолаушыға арналған. Жолаушылардың жайлылығы үшін климаттық бақылау жүйелері, жеке жарықтандыру, 220 В розеткалары, USB және USB-C қосқыштары, Wi-Fi, бейнебақылау және багаж аймақтары қарастырылған. Мобильділігі төмен жолаушылардың жол жүруіне арнайы жағдайлар жасалған. Пойыз құрамына вагон-буфет те кіреді.
Жаңа вагондарды пайдалануға беру Мемлекет басшысының жолаушылар жылжымалы құрамын жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жасалған келісімшартқа сәйкес, 2030 жылға дейін сервистік қызмет көрсетуді қоса алғанда, 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу көзделген. Бүгінде 100-ден астам Stadler вагоны қабылданды.
Stadler вагондарынан жасақталған келесі пойыз 13 қарашада «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша жолға шығады. Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан және теміржол кассаларынан сатып алуға болады.