Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткі қылмыстарының алдын алу және жастардың заңсыз есірткі айналымына тартылуына жол бермеу мақсатында студенттік жатақханаларда тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Кезекті рейд Абай атындағы Шығыс Қазақстан жоғары педагогикалық колледжінің №1 жатақханасында өтті. ШҚО ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық жастар ресурстық орталығы мен кинологиялық қызмет орталығымен бірлесіп, студенттермен кездесті.
Жастарға есірткіні тұтыну мен таратудың салдары, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ оңай табыс табу сылтауымен есірткі бизнесіне тартудың кең таралған тәсілдері түсіндірілді. Мұндай рейдтердің басты мақсаты – қылмыстардың алдын алу, ықтимал қауіп-қатерлер туралы дер кезінде ескерту және жастардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. Полиция студенттерді қырағы болуға, оңай табыс табуға қатысты күмәнді ұсыныстарға сенбеуге, тыйым салынған заттарды таратуға келіспеуге және осындай фактілерге бейжай қарамауға шақырады.