Мемлекеттіліктің қалыптасу тарихында айрықша орны бар Республика күні биыл да Алматы облысында ерекше салтанатпен атап өтті. Өңірдің барлық аудан-қаласында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, мерекелік концерттер мен түрлі патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық мерекеге арналған негізгі салтанатты шаралардың бірі облыс орталығы Қонаев қаласында өткізілді. Оған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов бастаған өңір активі, облыстық басқармалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиын Мемлекеттік Туды көтеру рәсімімен басталды. Көк байрақ көкке көтерілген сәтте жиналған көпшілік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін бірге шырқады. Ел тәуелсіздігі мен тұтастығын дәріптеген бұл рәсім мерекенің маңызын айшықтай түсті.
Облыс орталығындағы салтанатты шараға 2 мыңнан астам адам жиналды. Қолдарына көк байрақ ұстаған тұрғындар елдік пен бірліктің, бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызын паш етті. Түрлі этнос өкілдері мен жастардың мерекеге белсенді қатысуы қоғамдағы татулық пен өзара құрметтің көрінісіне айналды.
Биылғы мереке Алматы облысында тек салтанатты жиындармен ғана шектелген жоқ. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді.
Облыс бойынша Республика күніне орай 250-ге жуық іс-шара өткізіліп, 28 жаңа нысанның ашылуы тұрғындар үшін мерекелік тартуға айналды.
Мерекелік бағдарламалар облыстың барлық аудан-қаласын қамтыды. Мәдениет мекемелерінде концерттер, патриоттық кездесулер мен танымдық шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Қонаев қаласындағы салтанатты жиын облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Көпшілік өнерпаздарға қосылып, патриоттық шығармаларды бірге орындады.
Алматы облысында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар да осы құндылықтарды насихаттауға бағытталды. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастырудың маңызын көрсетті.
Өңірде кең көлемде атап өтілген Республика күні ел тарихына құрмет көрсетіп, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын, қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды мерекелік оқиғаға айналды.