Астана қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтарын қорғау және заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында заманауи технологияларды қолдану аясын кеңейтіп жатыр. Соның бірі – құрылыс нысандарында, сондай-ақ жетуі қиын аумақтарда құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдалану. Осы жұмыстың барысы туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Нұра ауданы прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау бөлімінің прокуроры Аңсат Сайлаубек жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әуеден мониторинг жүргізу тексерілетін нысанға тікелей бармай-ақ жағдайды бағалауға, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және оларды тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде.
«Нұра ауданының прокуратурасы еңбек инспекциясымен бірлесіп, құрылыс алаңдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуына мониторинг жүргізуде. Әсіресе биіктікте орындалатын жұмыстарға басымдық берілген. Рейдтер барысында жеке қорғаныш құралдарының, қауіпті аймақтардағы қоршаулардың болмауы және биіктіктегі жұмыстардың қауіпсіздік талаптарын бұза отырып орындалуы анықталды. Мәселен, Жағалау ауданы маңындағы құрылыс нысандарының бірінде еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылу фактілері тіркелді», – дейді спикер.
Оның сөзіне сүйенсек, қараша айының басындағы жағдай бойынша елордада еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзудың 30-дан астам фактісі анықталған.
Анықталған фактілер бойынша бейнематериалдар жинақталып, жауапты тұлғалардың түсініктемелерімен бірге тиісті шаралар қабылдау үшін еңбек инспекциясына жолданады.
«Прокуратура Сәулет басқармасының, «Астана Бас жоспары» және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандарымен бірлесіп, құрылыс нысандарына мониторинг жүргізеді.
Әуеден түсірілім құрылыс жұмыстарының нақты жүргізіліп жатқан аумақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Одан кейін мамандар жер учаскесіне қатысты құжаттарды, жобалау құжаттамасын, сараптама қорытындысын және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаны тексереді.
Барлық анықталған заңбұзушылық бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, оларды жою жөнінде шаралар қабылданады. Әсіресе жұмысты тоқтата тұру туралы талаптарға қарамастан, құрылыс жұмыстарын жалғастырып жатқан нысандарға бақылау күшейтілген», – дейді прокурор.
Аңсат Сайлаубек өз сөзінде дрондар топырақты заңсыз өндіру фактілерін күндіз де, түнде де анықтауға мүмкіндік беретінін қозғап өтті. Әуеден бақылау арқылы жер қазу жұмыстарын, экскаваторлардың әрекетін, топырақты жүк көліктеріне тиеу және тасымалдау процестерін тіркеуге болады.
«Астана қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ қала аумағында заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы заманауи технологияларды қолдану жұмыстарын жалғастырады. Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарын құқық бұзушылық фактілеріне бейжай қарамауға шақырады. Мұндай жағдайлар анықталған кезде оқиғаның орны мен уақытын көрсетіп, фото және бейнематериалдарды қоса тіркеп, Астана қаласының прокуратурасына хабарлауға болады.
Адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу қажет. Азаматтардың уақтылы берген ақпараты құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және ауыр зардаптардың алдын алуға ықпал етеді», – деп прокурор сөзін қорытындылады.