Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №46 мекемесінде сотталғандардың біріне тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Сәлемдемені тексеру барысында қызметкерлер тіс пастасының ішінен полиэтилен пакетке салынған ашық сары түсті ұнтақ тәрізді затты анықтады. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат ауыр есірткі заттарына жататын синтетикалық психостимулятор – альфа-PVP болып шықты.
Заттың жалпы салмағы 0,7 грамды құрады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттардың өтуіне жол бермеу және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі. Мекеме қызметкерлері келіп түсетін сәлемдемелер мен пошта жөнелтілімдерін тексеруге ерекше назар аударады.