Павлодарда жедел қызмет нөміріне қоңырау шалып, жоспарланып отырған терроризм актісі туралы жалған хабарлаған жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Анықталғандай, жасөспірім сабаққа кешігіп келген. Спорт залда қараусыз қалған телефонды байқап, жедел қызмет нөміріне қоңырау шалған. Ол жоспарланып отырған терроризм актісі туралы хабарлаған. Жасөспірімнің айтуынша, ол мұндай әрекеттің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін ойламаған. Полиция қызметкерлері қоңырау түскен телефон нөмірін жедел анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексерді. Телефон жалған хабар берген оқушының сыныптасына тиесілі болған.
Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Заңнамаға сәйкес мұндай әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар жалған хабарламаға байланысты жедел қызметтердің әрекет етуіне жұмсалған шығындар өтелуге тиіс. Аталған жағдайда келтірілген шығындарды өндіру мәселесі жасөспірімнің заңды өкілдеріне қатысты қаралады. Полиция ата-аналарды балаларға мұндай әрекеттердің салдарын түсіндіруге және жедел қызмет нөмірлеріне тек нақты көмек қажет болған жағдайда ғана хабарласу керектігін ескертуге шақырады. Ойланбай жасалған бір қоңыраудың өзі ауыр құқықтық және материалдық салдарға әкелуі мүмкін.