Астанада ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында Орталық Азия және Кавказ елдерінің авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіру тобының отырысы өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Грузияның сондай-ақ бақылаушы ретінде Ресей Федерациясының авиациялық билік органдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Отырыс барысында қатысушылар азаматтық авиацияға төнетін өзекті қатерлерді, оның ішінде қарулы қақтығыс аймақтарына жақын жерде ұшу кезіндегі тәуекелдерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарынан туындайтын қауіптерді және қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды анықтау мәселелерін талқылады. Сондай-ақ тәуекелдерді бағалау, қорғау шараларын жетілдіру және ақпарат алмасуды жеделдету тәсілдері қарастырылды.
Бұдан бөлек, өңір мемлекеттері арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту, ИКАО аудиттеріне дайындалу және олардан өту кезінде өзара қолдау көрсету, анықталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері қаралды. Өңірлік өзара іс-қимыл ИКАО талаптарына сәйкестік деңгейін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді. Бұл мемлекеттердің аудит нәтижелерінен де көрініс табады.
Қатысушылар ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаһандық жоспарын (GASeP) іске асырудағы өңірлік ынтымақтастықтың маңызын атап өтіп, 2027 жылға арналған бірлескен жұмыстың басым бағыттарын талқылады.
Отырыс қорытындылары мен өңірлік ынтымақтастықтың оң тәжірибесі ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығы аясындағы «HLCAS/3 конференциясына дайындық жолы» атты 9-сессияда ұсынылады. Аталған сессия 2027 жылы өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі үшінші жоғары деңгейдегі конференциясына дайындық мәселелеріне арналады.
Астанада өткен отырыс Орталық Азия және Кавказ мемлекеттерінің өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша келісілген тәсілдерді қалыптастыруға бейілділігін растады.