Оралда жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы Депо көпірінде жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тексеру барысында той кортежінде жүрген екі Toyota Alphard автокөлігінің люктерінен екі жас жігіттің денелерін сыртқа шығарып, артта келе жатқан көліктерді фото және видеоға түсіргені белгілі болды. Оқиға кешкі қарбалас уақытта, көлік қозғалысы қарқынды кезде болған. Жастар көпір үстінде қозғалып келе жатқан автокөліктердің люктерінен бастарын шығарып қана қоймай, әсерлі кадрлар түсіру үшін денелерін сыртқа қарай қатты еңкейтіп, қолдарын созған. Мұндай әрекеттер олардың өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндірген. Полиция қызметкерлері аталған автокөліктерді дереу тоқтатып, тексеру жүргізді.
Тексеру нәтижесінде екі көлік те белгіленген тәртіппен тіркелмегені анықталды. Сонымен қатар жүргізушілердің бірі осыған ұқсас әкімшілік құқық бұзушылықты қайталап жасағаны белгілі болды. Жүргізушілерге тіркелмеген көлікті басқарғаны, сондай-ақ жолаушылардың автокөлік люктерінен денелерін сыртқа шығаруына жол бергені үшін заң аясында шара қабылданды. Екі автокөлік те мамандандырылған тұраққа қойылды. Қауіпті әрекеттерге барған мобилографтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылардың жасы 24–25 аралығында. Олармен мұндай әрекеттердің салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция әлеуметтік желілерге әсерлі кадрлар түсіру үшін өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруге болмайтынын ескертеді.