Батыс Қазақстан облысында қалалық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Жусан” операциясы аясында елге оралған әйелдер арасында “Soft skills” атты семинар тренингі өткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Елге оралып, қоғамдық өмірге белсене атсалысуды мақсат еткен нәзікжандылардың басын қосқан шара “Ақниет” орталығында оздырылды. Аталмыш іс-шара мақсаты семинарға қатысушы нәзік жандыларға рухани құндылықтарды дәріптеп, ізгі қасиеттерді үлгі ету, қоғамдық өмірге араласуларына үлес қосып, пайдалы ақпаратпен бөлісу, арнайы бағдарламалармен таныстыру болып табылады.
Облыстық мәслихат депутаты Шаттық Саматқызы басқосудың арнайы қонағы ретінде шақырылып, шараға қатысушы әйел адамдармен әңгімелесіп, сұхбат жүргізді. Рухани азыққа толы шара барысында қонағымыз қатысушыларға рухани дем беретін танымдық ақпараттармен бөлісті. Осы орайда «Бақытты ана – бақытты бала» тақырыбында қызықты әрі пайдалы тренинг жүргізілді. Сонымен қатар іс-шара барысында сергіту сәті де назардан тыс қалған жоқ. Шара еркін форматта, жеңіл атмосферада өткізіліп, әйелдер арасында түрлі сала, тақырып аясында еркін әңгіме өрбіді. Жиналған аруларға сергіту уақыты ұсынылып, кофе-брейк ұйымдастырылды.
Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы консультациялық бөлімінің басшысы Алма Шапбазкереевна жиналған әйелдерді орталық жұмысымен таныстырып, көрсетілетін көмектер жайында шағын ақпарат беріп өтті. Және алдағы уақытта нәзікжандылардың бастамаларына барынша қолдау танытатындарын жеткізді.Кездесу барысында аналар өздерінің болашаққа деген жоспарларымен, мақсаттарымен бөлісті. Қатысушы арулардың көбі болашақта бизнес бастауға ниеттерінің бар екендігін білдірді. Осы орайда түрлі курстық оқуларға деген қызығушылықтарының бар екендігін айтты. Қатысушылардың сауалдары бойынша балалардың біліммен қамтылуы, білім алуға деген құштарлығын, қоғамдық өмірге деген қызығушылығын арттыру, қосымша білім беру ұйымдары туралы ақпарат беріліп, жұмысқа орналасу, бастамаларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мәліметтер берілді.