ШҚО-да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар саны 19,9%-ға азайды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар санының төмендегені байқалады. 2026 жылдың он айының қорытындысы бойынша мұндай деректер саны 146-дан 117-ге дейін азайған. Полиция департаментінде атап өткендей, бұған жүйелі профилактикалық жұмыс, дағдарыс орталықтары мен психологтармен бірлескен жұмыс ықпал еткен. Бұл бағытта формалды шаралардан гөрі, отбасындағы қиындықтарды ерте анықтауға және нақты көмек көрсетуге басымдық берілген. 10 айдағы жұмыс нәтижелері: отбасылық-тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасаған 3 922 адам ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды; учаскелік полиция инспекторлары жәбірленушілерді қорғау мақсатында 2 917 қорғау нұсқамасын шығарды; сот шешімімен құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 722 ерекше талап белгіленді.
Күнделікті рейдтермен қатар, өңірде “Қауіпсіз үй”, “Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан”, “Бізден сұраңыз, біз жаныңыздамыз” және “Сталкингке жол жоқ” атты әлеуметтік акциялар да өткізілуде. Олардың мақсаты — қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек бар екенін жеткізу және ешкімнің өз мәселесімен жалғыз қалмауына ықпал ету. Көмекке мұқтаж әрбір адам “111” және “150” сенім телефондарына хабарласа алатынын еске саламыз. Егер отбасылық зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз немесе қолдауға мұқтаж болсаңыз, көмек сұраудан тартынбаңыз. Уақытылы жасалған қадам қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін.