Батыс Қазақстан облысында шаһар жастарын түрлі мемлекеттік бағдарламамалармен, бос жұмыс орындарымен, түрлі кеңестермен таныстырып, ақпараттандыратын "Жастарға кеңес" жобасы жұмысын бастады. Жоба мақсаты өңір жастарын жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, тұрақты жұмыс орнымен қамтылуын қадағалау болып табылады. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілетін шара мақсаттарының тағы бірі – жастарға тегін әрі қолжетімді кеңес беру, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталмыш жоба аптасына бір рет онлайн форматта, екі рет оффлайн форматта, яғни белгіленген орындарда өткізіледі. Алдыңғы аптада өткізілуге тиісті кеңес ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Күні кеше Қалалық мәдениет және демалыс саябағында және «Мирлан» базары аумағында оздырылған көшпелі кеңеске жастардан бөлек, жастар болашағына алаңдаушылық білдірген ата-аналар да қатысты.
Аталмыш жобаға мемлекеттік бағдарламалар және тұрғын үй бағдарламалары жайында ақпарат беретін маман, жұмыспен қамту орталығының маманы, кәсіпкерлік саласының маманы, теолог маман және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары қатысып, жиналған жастарға кеңес берді.
Атап айтар болсақ, қазіргі таңда кеңінен танымал «дипломмен ауылға», «жастар тәжірбиесі», «алғашқы жұмыс орны» сынды жас мамандарға арналған бағдарламалар жастардың аса қызығушылығана иеленіп отыр. Жоба аясында оқу орындарына жаңа түскен студенттерге, қала тұрғындарына орталық жұмысы түсіндірілді.
Алма Шапбазкереевна, Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы консультациялық бөлімінің басшысы:
Жалпы, бұл жоба жастарды қолдау аясында өткізіледі. Қанша жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бағдарламалармен таныстыру – біздің басты мақсат. Көп жастар мұндай шаралардың өткізілетінін естімей немесе білмей қалып жатады. Сол себепті адам көп шоғырланатын жерлерде, мысалы базарларда, орталық алаңдарда ұйымдастыруды құп көреміз.
Орал қаласы