Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және КазИИТУ ғылыми - білім кешені қолдауымен Оралда «Ауыл life» жобасы оздырылды. Әлеуметтік желі мен қоғамдық өмірде белсенді облыс жастарының қатысуымен ауыл өмірін насихаттауды мақсат еткен жоба Тасқала ауданынан бастау алды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қала жастарына ауыл өркениетін көрсетіп, ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыру, ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді насихаттауды мақсат еткен жоба облыстың қалған аудандарында жалғасын табатын болады. Жоба алғаш Тасқала ауданының Амангелді ауылында тұсауын кесті. Тасқала аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының қолдауымен белсенді жастар арасында өткізілген жоба таза ауа аясында, түрлі сайыстарда бақ сынау форматында өткізілді.
Ерекше атмосферада өткен шарада жастар қой сою, тағам пісіру, балық аулау, сиыр сауу, ішек-қарын тазалау сайыстары бойынша бақ сынады. Сайыста 4 адамнан құралған үш команда жеңімпаз атану үшін сынға түсті. Жарыс барысында қатысушылардың икемділігі, ұқыптылығы және ынтасы бағаланды. Ерлер арасынла өткізілген қой сою сайысында ерлердің қой союға деген икемділігі, тазалығы бағаланса, балық аулауда қалай және қанша аулағандығы сарапқа салынды. Тағам дайындауда да дәмділігі мен ерекшелігі назарға алынды.
Сиыр сауу сайысында да ерлер бұзау байлап, нәзік жандыларға өз көмегін тигізді. Ал қыздар болса сауылған сүттің көлемі мен уақыты жағынан өзара сынға түсті. Әлеуметтік желіде белсенді жоба қатысушысы Динара Аянова «Үйге келгенде бұл Турциядан да күшті деп келдім, шынымен қазақ болғасын ауылдың аурасы жағып тұрады екен. Бұл жоба Тасқала ауданынан бастауын алды. Енді 11 ауданға жол тартамыз, 11 ауданнан кейін қазанға тамақ пісіріп, үйде сиыр ұстаймын-ау» деп өз әлеуметтік желісінде пікірімен бөліскен екен. Жоба қатысушыларының қалғандары да аталмыш шара жайында тек жылы пікірлерін қалдыруда.
Болашақта жоба аясында ауыл жастарын керісінше қалаға әкелу жоспарда бар дейді ұйымдастырушылар. Шара соңында жеңімпаздар мен қатысушылар жүлделі орындармен марапатталды.
Сымбат Талғатқызы, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ақпарат бөлімінің маманы:
Жобадан күтілетін нәтижелер көп. Аталмыш шара ауылдарды жандандыру және жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Белгілі бір тараптан бұл жоба ауыл, ауданға жарнама болады десек қателеспейміз. Жобаның жағымды тұстары көп. Білгеніңмен бөлісіп, білмегеніңді үйренетін жобаның аяғына дейін барлық затты толықтай меңгеріп, үйреніп алуға мүмкіндік бар. Жоба қатысушыларының әрбіріне уақыт қызықты өтті. Бірі жаңа нәрсе үйреніп, жаңа ақпарат алса, бірі қызықты уақыт өткізіп, жаңа нәрсе түйіп қайтты. Ұйымдастырушы ретінде барлық жоспарды орындадық, жобадан жақсы нәтиже күтудеміз.
Орал қаласы