18 қарашада Алматыда 5 мыңнан астам жас маманның, колледж түлектері мен жұмыс берушілер өкілдерінің басын қосатын қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Қатысушылар ұсынылған бос жұмыс орындарымен танысып, алғашқы әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпарат ала алады, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара Әуезов ауданындағы Алматы көпсалалы колледжінде өтеді. Оны Әуезов ауданы әкімі аппаратының қолдауымен колледж және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырады.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне мамандығы бойынша жұмыс табуға көмектесу және жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік жасау.
Алматыдағы кәсіпорындар мен компаниялар экономиканың түрлі саласындағы бос жұмыс орындарын ұсынады. Жас мамандар үміткерлерге қойылатын талап, еңбек жағдайы мен әлеуметтік кепілдіктер туралы біліп, ұйым өкілдерімен тікелей сөйлесе алады.
Жәрмеңкеге биылғы және өткен жылдардағы колледж түлектері, студенттер, сондай-ақ жас мамандарды жұмысқа тартуға мүдделі ірі, орта және шағын бизнес өкілдері шақырылады.
Күні: 2026 жылы 18 қараша.
Уақыты: сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін.
Өтетін орны: Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Жандосов көшесі, 63, Алматы көпсалалы колледжі.