Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ағымдағы ахуал және алдағы жоспарлар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика және мұнай-газ салалары кәсіпорындарының сатып алуларына қазақстандық өндірушілердің қатысуы туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және отандық өндірушілерді қолдау шаралары туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, цифрлық технологиялар саласындағы өндірісті дамыту туралы жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин баяндама жасады. Сондай-ақ, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев сөз сөйледі.
Премьер-министр Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, елімізде шығарылатын өнімдерге, оның ішінде мемлекеттік сатып алу арқылы кепілді сұранысты қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударғанын атап өтті.
«Отандық өндірісті дамыту және ішкі нарықты қорғау – Үкіметтің экономикалық саясатының теңдессіз басымдығы. Мемлекет басшысы атап өткендей, күшті әрі бәсекеге қабілетті нақты сектор мен отандық тауар өндірушілерге арқа сүйемей, қуатты экономика құру мүмкін емес. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру аясында биыл Қазақстанда жалпы құны шамамен 1,7 трлн теңгені құрайтын 200-ге жуық жаңа өнеркәсіптік кәсіпорынды іске қосу жоспарлануда. Біздің міндетіміз – отандық зауыттар мен фабрикалар үшін өнімдерін тұрақты өткізуге, қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізуге және әділ бәсекелестік жағдайларына кепілдік беру», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
2026 жылдан бастап елімізде кәсіпорындарды нақты қолдау тетігін, тауарлардың шығу тегінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етуге арналған Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі іске қосылды. Бүгінгі таңда оның көмегімен 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша шамамен 2,7 мың өндірушінің қызметі расталды.
Олжас Бектенов осы тетікті құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда, ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында ғана емес, жеңілдікпен қаржыландыру алу кезінде де белсенді қолдану қажеттігіне назар аударды. Мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесі кеңейтілді. Сонымен қатар есепті деректерге сәйкес, тоғыз айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендеп кеткен. Премьер-министр кәсіпорындардан өз мәртебесін растау рәсімдерінің тым созылып жатқаны туралы шағымдар үнемі келіп түсетінін атап өтті. Бұл сатып алу саласында және тізілім жұмысында бірқатар мәселенің бар екенін көрсетеді.
Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында орасан зор резервтер бар.
Премьер-министр бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың отандық кәсіпорындардан тауар сатып алу көрсеткіші небәрі 17%-ды құрағанына назар аударып, жағдайды жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің экономиканың өсуін қамтамасыз ете отырып, қолда бар қуаттар мен жергілікті өндірушілердің әлеуетін барынша жұмылдыруға мүмкіндік беретін кластерлік даму моделін енгізу жөніндегі ұсынысын қолдады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қаржы министрлігімен және «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жою бойынша шаралар қабылдап, отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпорындардың өтініштерін ескере отырып, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін қысқа мерзімде жетілдіріп, меншікті өндірістің бар-жоғын онлайн режимде тексеруді қамтамасыз ету үшін оның мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру аясын кеңейту қажет.
Өнеркәсіп және Энергетика министрліктеріне жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алуды қамтамасыз ету үшін тауарлар тізбесі мен олардың көлемдерін айқындау тапсырылды.
Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық палатасымен, мүдделі мемлекеттік органдармен және компаниялармен бірлесіп, жыл соңына дейін импортты алмастыратын өнімдерге қатысты сатып алудың барлық түрі бойынша 2027 жылға арналған ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жоспарын бекіту қажет.
Отандық өндірушілердің мәртебесін растау рәсімдерін жеңілдету үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде Қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімін өтінімдерді қарау мерзімдерін белгілей отырып, мемлекеттік қызмет форматына ауыстыру тапсырылды.