Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлері UNIFIGHT әмбебап жекпе-жегінен өткен әлем чемпионатында Қазақстан намысын абыроймен қорғап, жоғары спорттық шеберліктері мен мықты дайындықтарын, жеңіске деген жігерлерін паш етті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
10-15 қараша аралығында Түркия Республикасының Мерсин қаласында өткен дүбірлі додаға 36 елдің спортшылары қатысып, әлем чемпионы атағы үшін бақ сынады. Халықаралық жарыс барысында қатысушылар күш пен төзімділікті ғана емес, жылдамдықты, қимыл үйлесімділігін, тактикалық ойлау қабілетін және жоғары физикалық жүктеме жағдайында дұрыс шешім қабылдай білуді талап ететін шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласы полиция департаментінің қызметкері Нұрлан Тұрғанбаев қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль иеленіп, әлем чемпионы атанды. Оның әріптесі Ерболат Берген де жоғары нәтиже көрсетіп, жарыстың бірінші күні қола, екінші күні күміс медаль жеңіп алды. Ал Алмас Зейнуллов ел қоржынына тағы бір қола жүлде салды.
Бұл жетістіктер – табанды еңбектің, жүйелі дайындықтың және үздіксіз жаттығудың жемісі. Әрбір жеңістің артында темірдей тәртіп, қайсар мінез, жоғары жауапкершілік пен физикалық және психологиялық қиындықтарды еңсере білетін жігер тұр. Айта кетейік, ішкі істер органдарында қызметкерлердің дене шынықтыру дайындығын жетілдіруге және бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Себебі күш-қуат, төзімділік, ұстамдылық пен батылдық – полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығының ажырамас бөлігі әрі қызметтік міндеттерін мінсіз атқаруының маңызды кепілі.