Елордада жылыту маусымында өрттің алдын алу үшін тұрғын үй секторында профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Сарайшық ауданындағы тұрғын үйлерді аралап шықты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің талаптары, жылыту құралдары мен электр жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелері ескертілді. Сондай-ақ пешпен жылыту кезінде қандай жайттарға назар аудару керектігі түсіндірілді.
Тұрғын үйлердегі профилактикалық жұмыс 15 тамыздан бері жүргізіліп келеді. Құтқарушылар күн сайын рейдке шығып, қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіреді және өртке себеп болуы мүмкін кемшіліктерді жөндеу туралы кеңес береді. Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, АРЭК, QazaqGaz Aimaq өкілдері мен еріктілер де қатысады.
«Жылыту маусымы басталғалы бері профилактикалық жұмыс барысында 4 200 үй қамтылды. 300 рейд өткізіліп, оның барысында 20 мыңнан астам адамға түсіндіру жүргізілді», – деді Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Жалғасбек Маратов.
Алдын алу жұмысы тұрғын үйлерді аралаумен ғана шектелмейді. Білім беру ұйымдарында сабақтар өткізіліп, кәсіпорындар мен мекемелерде өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша нұсқаулықтар беріледі.
Тексеру барысында департамент қызметкерлері тұрғындарға түзету ұсынылған бірнеше заңбұзушылықты анықтады. ТЖД өкілінің айтуынша, барлығы 3 360-тан астам кемшілікті түзету ұсынылған. Олардың арасында пештің жанына тез жанатын заттарды сақтау және кептіру, отын мен ағашты жылыту құрылғыларына тым жақын жинау, сондай-ақ жарықтары бар пештерді пайдалану жиі кездеседі. Мұндай олқылықтар, әсіресе жылыту құралдары белсенді қолданылатын кезеңде, өрт шығу қаупін арттырады.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға, сондай-ақ барак үлгісіндегі үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына ерекше көңіл бөлінеді. Есепте осындай 695 отбасы, 860 барак үлгісіндегі үй мен жатақхана бар. ТЖД мәліметінше, мамндар аталған санаттағы тұрғын үйлердің барлығы аралап шыққан.
Мәселен, 233 отбасының үйіне иіс газын анықтайтын датчиктер мен түтін дабылқаққыштары орнатылды. Сонымен қатар 43 үйдің мұржасы тазартылды.
Профилактикалық жұмысқа қарамастан, жеке тұрғын үй секторында өрт оқиғалары әлі де тіркеліп жатыр.
ТЖД өкілдері пештер мен электр жабдықтарын пайдалану талаптарын сақтау, мұржаларды уақытылы тексеру және иіс газын анықтайтын датчиктер орнату қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектесетінін еске салады.