Елордада абаттандыру талаптарын бұзған құрылыс ұйымы жауапқа тартылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Таза Қазақстан” экологиялық бастамасы аясында елордада қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру қағидаларының орындалуын бақылау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Кезекті бақылау шаралары барысында құрылыс алаңдарының бірінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, құрылыс ұйымы өзіне тиесілі іргелес аумақты тиісті деңгейде күтіп ұстамаған. Сонымен қатар құрылыс алаңына кіреберіс жолдарда қатты жабын болмаған. Мұндай кемшіліктер құрылыс аумағынан шығатын шаң мен лайдың көшелерге таралуына, жолдардың ластануына және тұрғындарға қолайсыздық туындауына себеп болуы мүмкін. Бұл ретте құрылыс компаниялары нысан аумағын ғана емес, оған іргелес жатқан жерлерді де санитарлық талаптарға сай күтіп ұстауға міндетті.
Анықталған заң бұзушылықтар бойынша құрылыс ұйымы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Айта кетейік, жыл басынан бері елордада абаттандыру қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін 300-ге жуық құрылыс ұйымына әкімшілік шара қабылданды. Тазалық талаптарын сақтау – баршаға ортақ міндет. Әрбір құрылыс ұйымы өз қызметінің қоршаған ортаға және қала тұрғындарына әсерін ескеріп, белгіленген талаптарды мүлтіксіз орындауы тиіс.