ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған мәдени шаралар оздырылып отыр. Аталмыш шара мақсаты жыршы мұрасын кеңінен зерттеу, насихаттау, есімін мәңгіге сақтау, Батыс Қазақстанда жыраулар дәстүрін жалғастыру болып табылады. Жыршының 180 жылдығына орай және шығармаларын елге танытып, насихаттау мақсатында 14-15 қыркүйек күндері мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарға алынды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Осы орайда 14 қыркүйек күні Достық үйінде «Марабай тағылымы» тақырыбында республикалық ғылыми-танымдық конференциясы өткізілді. Аталмыш Республикалық ғылыми-танымдық конференциясына Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтау қалалары және Батыс Қазақстан облысының елімізге танымал фольклортанушы, ғалым, доцент, профессор, жыршы, өнер зерттеушілері қатысты. Батыс Қазақстан облысы әкімі орынбасары Бақытжан Хаберұлы Нарымбетов алғашқы сөз сөйлеп, шараға қатысушы қонақтарға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар Марабай Құлжабайұлының 180 жылдығына арналған мәдени шараларға қонақ ретінде ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Марабай Құлжабайұлының мұрасын зерттеуші Нұрлан Сәдір, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Роза Қазиқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, жыршы, өнер зерттеушісі, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Алмас Нұрмаханұлы, Ақтау қаласынан келген ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бибайша Ілиясқызы, Халықаралық ТҮРКСОЙ-дың «Мұрагер», «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, фольклортанушы ғалым, доцент, эпик жыршы, арнайы Алматыдан келген Берік Мырзаұлы, Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Абат Сатыбайұлы, ҚР айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, өнертанушы Күнқожа Қайролла қатысты.
Ғылыми-танымдық конференциясы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрындағы «Марабай» музыкалық-драмалық композициясымен жалғасын тапты. Мәдени шаралар легі 15 қыркүйек күні Теректі ауданында өткізілетін «Жыр дүлдүлі-Марабай» атты аймақтық-республикалық жыршылар байқауымен жалғасатын болады. Аймақтық-республикалық жыршылар байқауына Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалалары мен Батыс Қазақстан облысы аудандары және Орал қаласынан жыршылар қатысып, екі кезеңнен тұратын сайыста бақтарын сынайтын болады.
Орал қаласы