Түркістан облысы еліміздегі жетекші аграрлық өңірлердің бірі ретіндегі әлеуетін нығайта түсуде. Өңірде мал шаруашылығы саласында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу ісі қолға алынуда. Жылыжай шаруашылықтарының аумағы кеңейіп, су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп келеді. Облыс дәстүрлі ауыл шаруашылығы салаларындағы өндіріс көлемін арттырумен қатар, банан мен лимон өсіруден бастап, отандық тоқыма және азық-түлік өнімдерін шығаруға дейінгі жаңа бағыттарды дамытуда, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер өңірдің өндірістік және инвестициялық әлеуетімен танысты.
Алғашқы нысандардың бірі – Сауран ауданындағы «Түркістан ет өнімдері» серіктестігінің мал бордақылау кешені. «Малшылар ауылы» жобасының басты ерекшелігі – мал өсіру мен бордақылауға арналған алаңдар және оларға қажетті инфрақұрылымның бір аумақта шоғырлануы. Қазіргі уақытта мұнда мал бордақылау алаңы, мал сою бекеті мен әкімшілік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Сонымен қатар «Mutalib Agro» кооперативі іргелес аумақта тағы 30 шағын мал бордақылау алаңын салуда. Мұндай тәсіл өндірістік шығындарды оңтайландыруға, ортақ инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және ветеринариялық бақылауды жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Баспасөз турына қатысушылар тамшылатып суару жүйелерін өндіруге маманданған «Тұран су» компаниясының жұмысымен де танысты.
Құны 86,2 млрд теңгені құрайтын «Түркістан тоқыма» серіктестігінің кәсіпорнында журналистерге иірімжіп пен мата өндіру үдерісі көрсетілді. Кәсіпорынның бірінші кезеңі өткен жылы іске қосылған. Қалған үш кезеңнің құрылысын биыл желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жоба толық іске қосылғанда жылына 11,4 мың тонна иірімжіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн жиынтық төсек-орын жабдығы және 4 млн көрпе өндірілмек. Бұл ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттырып, жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтуға және еліміздің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Тоқыма кәсіпорны – мақта өсіруден бастап дайын киім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыруды көздейтін «Түркістан мақта-агроөнеркәсіптік кешені» серіктестігінің жобасының бір бөлігі. Жоба Қытайдың Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп, 52 мың гектар суармалы жер аумағында жүзеге асырылуда. Шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асады.
Арыс қаласында журналистер құны 8,4 млрд теңгені құрайтын «Turkestan Agro.kz» серіктестігінің мал бордақылау алаңына барды.
Инвестор Сырым Ертаевтың айтуынша, жоба мемлекеттік қолдау тетіктері мен жеке инвестицияларды тарту арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде мал бордақылау алаңын салуға 2,9 млрд теңге бөлінген. Бұдан бөлек, жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары аясында жаңбырлатып суару жүйелерін енгізуге 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Қазір мұнда сағатына 20 тонна түйіршіктелген мал азығын өндіретін құрамажем зауыты жұмыс істейді. Алдағы уақытта жылына 1 млн тонна мал азығын өндіретін зауыт пен бір ауысымда 1 500 бас ірі қара және 5 000 бас ұсақ мал өңдеуге қауқарлы ет өңдеу кешенін салу жоспарланған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеп, қосылған құны жоғары тауарларды қоса алғанда, дайын өнімнің көптеген түрін шығару көзделіп отыр.
Мал шаруашылығымен қатар, облыста өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Келес ауданында делегация Ресейдің «ЭКО-культура» агрохолдингімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жобаның жалпы құны – 42 млрд теңге.
Өткен жылы мұндағы 6,25 гектар аумақтан 2 мың тонна қызанақ жиналған. Ал биыл күзде қосымша 37,5 гектар жылыжай пайдалануға берілді. Осылайша, жобаның бірінші кезеңіндегі жылыжайлардың жалпы аумағы 50 гектардан асып, жылдық өндірістік қуаты 27 мың тоннаға жетті.
Кешен температураны, суаруды, жарықтандыруды және өсімдіктердің қоректенуін автоматты түрде реттеуге мүмкіндік беретін Нидерландта өндірілген заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Алдағы уақытта жылыжай аумағын 500 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда. Кәсіпорын 2030 жылға қарай жыл сайын 240 мың тонна өнім өндіріп, 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Жобаның іске асуы маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың импорттық көкөністерге тәуелділігін азайтып, экспорт көлемін арттыруға жол ашады.
Сарыағаш ауданында БАҚ өкілдері «Жабай ата» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Үш жыл бұрын мұнда топырақ алдын ала дайындалып, қажетті агротехникалық шаралар жүргізілгеннен кейін лимон көшеттері отырғызылған. Бүгінде 12 гектар аумақта 9,6 мың түп лимон ағашы өсіп тұр. Шаруашылық алдағы уақытта әр гектардан жыл сайын 40–50 тонна өнім алуды көздейді. Сонымен қатар 16 гектар жерге болгар бұрышы егілген. Жиналған өнімнің басым бөлігі жергілікті нарықта сатылса, қалған бөлігі Шымкент, Алматы және Астана қалаларына жөнелтіледі.
Қазығұрт ауданында делегация NARLEN брендімен өнім шығаратын «Қарқын-2030» ет өңдеу комбинатының жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2009 жылы ашылған. Бүгінде мұнда 850-ден астам адам еңбек етеді.
Комбинат сиыр, жылқы және құс етінен шұжық өнімдері мен ет деликатестерінің 60-тан астам түрін шығарады. Кәсіпорынның тәуліктік өндірістік қуаты 30–50 тоннаны құрайды. Мұнда өндіріс тұйық цикл қағидаты бойынша ұйымдастырылған: ет шикізаты кәсіпорынның өз мал шаруашылығы кешенінен жеткізіледі. Бұл өнім сапасын барлық кезеңде толық бақылауға мүмкіндік береді.
Комбинатта мал сою цехы мен заманауи зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ Германия мен Австрияның жетекші өндірушілері шығарған жабдықтар орнатылған. Кәсіпорында ISO 9001 сапа менеджменті және HACCP азық-түлік қауіпсіздігі жүйелері енгізілген. Өндіріс орны Қазақстанның «Халал» индустриясы қауымдастығы тарапынан сертификатталған. Кәсіпорын өнімдері еліміздің барлық өңіріне жеткізіліп қана қоймай, Ресейдің Кемерово және Барнаул қалаларына да экспортталады.
«Gen Group Kazakhstan» компаниясы бананды өнеркәсіптік негізде өсіруге маманданған. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты – 1 мың тонна өнім.
Жалпы аумағы 23 гектарды алып жатқан жоғары технологиялы кешеннің жылыжайлары 5–5,3 гектар аумаққа орналасқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталып, көшеттер отырғызылғаннан кейін тоғыз ай өткен соң алғашқы өнім жиналған. Мұнда Түркиядан әкелінген, жергілікті жағдайға бейімделген «Анамус» сұрпы өсіріледі. Банан өсіру үшін табиғи микроклиматқа барынша жақын жағдай жасалған.
Жиналған банандар алдымен жуылып, сұрыпталады. Одан кейін салқындатылып, сатуға дайындалады. Кәсіпорында өндірілген өнімнің барлығы ішкі нарыққа жеткізіледі.
Жалпы, Түркістан облысы дәстүрлі егін және мал шаруашылығын дамытумен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, заманауи технологияларды енгізуге, өндірісті жергіліктендіруге және қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға басымдық беріп отыр.
Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, отандық өнім түрлерін көбейтуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал өсіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын заманауи агроөнеркәсіптік өндіріс тізбектері қалыптасып келеді.