Жеңіл жолмен келген табыстың соңы өкінішке ұласуы мүмкін. Мұны криптовалюта арқылы алаяқтық жасап, бүгінде жазасын өтеп жатқан 25 жастағы Жандос өз тәжірибесінен түсінді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде түрлі қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтар жазасын өтеуде. Солардың бірі – алаяқтық жасағаны үшін сот үкімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылған Жандос. Оның айтуынша, ол екі жылдан астам уақыт криптовалюта саласында болған. Алайда оңай олжа табуға деген құмарлық оны қылмысқа итермелеп, бірнеше адамның сеніміне кіріп, қаржылық шығынға ұшыратқан.
Жандостың бостандықта өзін күтіп отырған ата-анасы бар. Қазір ол жазасының қалған мерзімін өтеуде. Өз қателігін түсінген азамат болашағына басқа көзқараспен қарап, келтірілген шығынды өтеуге күш салып жүр. Бүгінде ол мекеменің өндірістік аймағындағы дәнекерлеу цехында еңбек етеді. Еңбекақысының бір бөлігін жәбірленушілер алдындағы берешегін өтеуге бағыттайды. Оның басты мақсаты – қарызынан құтылып, жасаған әрекеті үшін азаматтық жауапкершілігін өтеу.
Бүгінде ол өзгенің еңбегімен тапқан қаражатына қол сұғудың салдарын түсінгенін айтады. Дегенмен өкініштің өзі келтірілген залалды өтей алмайды. Ол үшін жауапкершілікті мойындап, жәбірленушілер алдындағы берешекті өтеу және адал еңбек ету маңызды. Бұл оқиға оңай табысқа қызығудың соңы ұзақ жылдарға созылатын өкінішке ұласуы мүмкін екенін еске салады.