Астанада 13 қарашада сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін Қазақ ұлттық спорт университетінде (Қарқаралы тас жолы, 15) терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елордалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабқа сілтеме жасап.
Шараның мақсаты — құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің терроризм қатерлеріне жедел әрекет етуге қаншалықты дайын екенін тексеру.
Оқу-жаттығу кезінде университет аумағында бірқатар шектеу енгізіліп, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Жедел штаб тұрғындарды шараға түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және оқу-жаттығуға қатысатын мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға шақырады. Сондай-ақ тек ресми ақпарат көздеріне сенуді және жалған ақпарат таратпауды сұрайды.