Оралда «Omega sports» отбасылық спорт кешені ашылды. Жаңа спорт кешенінің ашылуына спорт саласы өкілдерімен қатар Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аталмыш кешен ақпан айында қолданысқа берілгенмен, толық құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталды. Келесі кезекте Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Галиев, кешеннің директоры Венера Амангелдіқызы және бапкер Ибрагим Милтаев лента қиып, кешенді салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Қос қабатты кешеннің жалпы аумағы 3000 шаршы метр. Жасанды көгалмен жабылған футбол алаңының аумағы 24х48 өлшемін қамтиды. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бассейн залдары, сауна, душ кабинеттері, электронды құлыптары бар жеке шкафтар орналасқан киім ауыстыру бөлмелері жабдықталған. Екінші қабатта аэробты зал және тамақтану орны ұйымдастырылған. Ендігі ересектер үшін жаттығу залы жұмысын бастайды. Жаңа залда 16 жастан асқан балалар жаттыға алады. Бұл зал күш аймағы саналады. Бұдан бөлек аэробикалық, кардио аймақтар бөлек орналасқан. Кешенде бір уақытта 100 шақты адам жаттығу жасай алады.
«Стандартты өлшем – 20х40 метрлік. Бірақ, балалардың 6х6, 7х7, 8х8 ойыншымен ойнауларына мүмкіндік жасау үшін көгал аумағын мүмкіндігінше үлкен еттік. Одан басқа балаларды жүзуге үйретуге арналған бассейн залдары бар. Екі айлық бүлдіршіндерден бастап 12 жасқа дейінгі балалар жүзуді үйренуге жазыла алады. Сонымен қатар дамуында ерекшелігі бар балалар да назарымызда. Әлеуметтік осал топтағы отбасы балалары кешенде тегін жаттығады, – дейді кешен құрылтайшылары Дамир Кәкімов пен Данияр Ғабдуллин.
Қазір спорттық нысанда «Юниор» балалар футбол мектебінің тәрбиеленушілері жаттығу жүргізуде. Алдағы уақытта «Спартак» Мәскеу Академиясының филиалы ашылатын болады. Данияр Ғабдуллиннің сөзінше, өткен жылы мәскеулік жетекші футбол клуб – «Спартакпен» келісім жасалған. Келісімге сәйкес «Спартактықтар» жылына үш мәрте өңіріміздегі жаттықтырушы-мамандарды оқытады. Сондай-ақ жас футболшылар Мәскеудегі «Спартакқа» жаттығуға жіберілетін болады.
«Негізгі мақсат отбасылық спорт кешен ашу болып табылады. Отбасылардың салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы уақыт өткізуін қамтмасыз етуді мақсат еттік. Біздің кешенге келген кезде жанұяға қажетті заттың бәрі табылу үшін фитнес залдар, бассейн, футбол алаңы, тіпті кафе де қарастырылған. Бағалар қолжетімді. Отбасымен келетіндерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бізге дамуында ерекшелігі бар балалар да келеді. Оларға де жеңілдіктер ұсынамыз» - дейді кешен директоры Венера Амангелдіқызы. Жаңа кешен 34 адамды жұмыспен қамтып отыр.