Вена қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетовтің тең төрағалығымен Экономикалық, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, техникалық және технологиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Аустрия Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 13-ші отырысы өтті, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аустрия делегациясын Экономика, энергетика және туризм федералдық министрлігінің Бас директоры Ф. Фраушер басқарды.
Отырыс барысында тараптар екіжақты саяси және сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын, технологиялар трансфері мен өндірісті жергіліктендіруге басымдық бере отырып инвестициялар тартуды, визалық өзара іс-қимылды дамытуды, сондай-ақ БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазақстанда аустриялық капиталдың қатысуымен 167 заңды тұлға тіркелгені атап өтілді. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында екіжақты тауар айналымы 202,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте қазақстандық экспорт 84,5%-ға өсіп, 8,7 млн АҚШ долларына жетті, ал импорт 193,4 млн АҚШ долларын құрады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстанның аса маңызды шикізат саласындағы әлеуетін атап өтті: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстан Еуропалық одақтың тізбесіне енгізілген аса маңызды шикізаттың 34 түрінің 21-ін экспорттай алады. Сондай-ақ Аустрияға қосылған құны жоғары өнім жеткізуді 100 тауар позициясы бойынша ұлғайту әлеуеті атап өтілді.
Екіжақты өзара іс-қимылдың басым бағыттарына, оның ішінде энергетика мен жаңартылатын энергия көздеріне, тау-кен өнеркәсібіне, шикізат ресурстары мен аса маңызды минералдарға, өнеркәсіпке, инфрақұрылымға, логистика мен көлікке, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, осы бағытты дамытуға бағытталған нысаналы инвестициялар 2040 жылға қарай ондағы сауда көлемін үш еседен астам арттырып, тасымалдау уақытын екі есе қысқартуы мүмкін. Бұдан бөлек, тараптар экологиялық технологиялар, ақпараттық технологиялар мен цифрландыру, ауыл шаруашылығы, туризм, қаржы және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссияның 13-отырысының хаттамасына қол қойылды. Сондай-ақ тараптар Комиссияның келесі, 14-отырысын Астана қаласында өткізу мерзімі мен орнын айқындау мәселелерін қарастырды.
Отырыс қарсаңында, 2026 жылғы 19 қарашада Вена қаласында Арман Исетов Аустрияның Еуропалық және халықаралық істер федералдық министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Йозеф Шеллхорнмен кездесу өткізді. Тараптар алдағы байланыстар кестесін, дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңындағы саяси диалогты, парламентаралық өзара іс-қимылды, жоғары деңгейдегі сапарларға дайындықты, логистика, инфрақұрылым және өнеркәсіп салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды, визалық және авиациялық мәселелерді, сондай-ақ көпжақты алаңдар аясындағы ынтымақтастықты талқылады.