17 қарашада Астанада ҚР ІІМ кубогы үшін құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында Arlan Chess Cup 2026 халықаралық шахмат турнирі өтті. Жарысқа Қазақстан мен шет мемлекеттердің полиция қызметкерлері қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын турнир биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Arlan Chess Cup 2026 аясында екі бөлек турнир ұйымдастырылды. Халықаралық турнирде қатысушылар командалық форматта бақ сынаса, республикалық турнирде Қазақстанның ішкі істер органдарының қызметкерлері жеке және командалық есепте өзара сынға түсті. Халықаралық турнирдің қорытындысы бойынша бірінші орынды Әзербайжан полиция қызметкерлерінен құралған команда иеленді. Жеңімпаздар қатарында Ахадзаде Хаджиали, Рауф Мамедов және команда капитаны Заур Маджидов бар. Екінші орынға Грузия өкілдері Торнике Габуния, Зураб Ксоврели және команда капитаны Бесик Какаладзе ие болды. Үшінші орынды қазақстандық Arlan-1 командасы жеңіп алды.
Команда құрамында Арман Әубәкіров, Олжас Түгелбаев және капитан Арман Жалдығұлов өнер көрсетті. Турнирдің үздік ойыншысы аталымын Қырғызстаннан келген Алмазбек Абакиров жеңіп алды. Жеңіске деген жігері үшін Тәжікстан намысын қорғаған Илхом Ганизода марапатталды. Ал үздік партия үшін берілетін жүлде қазақстандық Arlan-2 командасының мүшесі Арман Бектасқа табысталды. Республикалық турнирге 55 спортшы қатысты. Жеке есепте Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкері Ерлан Тұрымбетов үздік атанды. Екінші орынды қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілі Ерғали Сауран, үшінші орынды Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкері Паша Османов иеленді.
Турнирдің үздік ойыншысы болып жарысқа қатысқан жалғыз ару – ІІМ Қостанай академиясының өкілі Аида Жанатбекқызы танылды. Ол ерлермен тең дәрежеде бәсекеге түсіп, жалпы есепте алтыншы орынға тұрақтады. Үздік партия үшін Қарағанды облысы полиция департаментінің өкілі Саят Сатанов марапатталса, жеңіске деген жігері үшін Алматы облысы полиция департаментінің қызметкері Құралбай Әбділбеков арнайы жүлдеге ие болды.
Командалық есепте бірінші орынды Түркістан облысы полиция департаментінің командасы жеңіп алды. Команда құрамында Паша Османов, Мәди Ешмұратов және капитан Еркегәлі Қуандық өнер көрсетті. Екінші орын Атырау облысы полиция департаментінің командасына бұйырды. Оның құрамында Шыңғыс Әбдіров, Сайфолла Санжан және команда капитаны Арман Жанабаев бақ сынады. Үшінші орынды ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің командасы иеленді. Команда намысын Қанат Омаров, Әлішер Асатов және капитан Жандос Жақсалықов қорғады.