Оралда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сонымен қатар ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен қала күні мерекесі қарсаңында Орал қаласына қарасты Зашаған кентінде Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қолданысқа берілді. Заманауи спорт ғимаратының тұсауын бокстан олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов және садақ атудан Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Валерий Плотников кесті. Аталмыш спорт кешенінде тәрбиеленушілер баскетбол, волейбол, гандбол, бокс секілді спорт түрлерімен шұғылданатын болады, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев өз құттықтау сөзінде «Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын еліміз бойынша кем дегенде 100 дене шынықтыру кешендерін салу туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында облысымызда 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, дене шынықтыру нысандарын ашуда тек мемлекет қаржысының жұмсалмай, жеке сектордың да тартылуы – қуантарлық жағдай. Осы орайда, кәсіпкерлердің тигізіп жатқан үлесі зор. Бүгінгі ашылғалы отырған спорт кешені соның айғағы. Бұл қала күні мерекесіне үлкен тарту болды» - деді.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуына бокстан олимпиада чемпионы, әуесқой бокстан әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері Данияр Елеусінов арнайы келіп, оралдықтарды жаңа спорт нысанының ашылуымен құттықтады. Жерлес спортшы өз сөзінде аталмыш мектептен еліміздің туын көкке көтеретін чемпиондардың шығуына тілектестігін білдірді.
Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын мектепті «АОЗТ КПО б.в» компаниясының тапсырысымен «KazConstructionGroup» ЖШС салған. Айтып өткеніміздей, жас спортшылар спорт мектебінде волейбол, баскетбол, гандбол және бокстан, сонымен қатар велоспорт, триатлон, садақ атудан жаттығатын болады. Ол үшін балаларға арналған арнайы ойын залдары, боксшыларға арналған қос ринг бар. Ғимараттың барлық залдары заманауи жабдықтармен толық қамтылған.
Мектеп директоры оқушылардың ескі ғимаратта емес ендігі жаңа залдарда жаттығып, білім алатынына қуанышын жеткізді.
Есенгелді Айсағалиев, Облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Мектепте 10-23 жас аралығында 600-ден астам балалар мен жасөспірімдер жаттығады. 37 жаттықтырушы қызмет атқарады. Осыған дейін балалар аумағы 600 шаршы метрді құрайтын ескі ғимаратта жаттығатын еді. Сол себепті қаламыздағы 5 залды жалға алуға мәжбүр едік. Жаңа ғимаратымыз 2000 шаршы метрді құрайды. Жаңа мектепте замануи залдар, нақтылап өтсек волейбол, футболға арналған спорттық зал, бокс залы бар. Мектебіздің шәкірттері көптеген жетістіктерге жетіп жүр. Спорт мектебімізде болашақтарынан зор үміт күттіретін спортшылар тәрбиеленуде.