Ақтөбеде көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған жүргізуші полиция қызметкерлерінің назарына ілікті, - деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 16 қарашада облыс орталығында болған. Nissan автокөлігін басқарған азамат жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, жол қозғалысына қатысуын жалғастырған. Алайда заң талаптарын елемей, жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан жүргізушінің бұл әрекеті ұзаққа созылмады. Қызметтік міндетін атқару барысында патрульдік полиция қызметкерлері аталған автокөлікті "Қорғау" заманауи бақылау жүйесінің көмегімен анықтап, тиісті шаралар қабылдады. Нәтижесінде жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге көлік басқару құқығынан айыру – заңмен белгіленген шектеу екенін ескертеді. Мұндай талапты елемей, қайтадан көлік тізгініне отыру заң алдында қосымша жауапкершілікке әкеп соғады. Заманауи бақылау жүйелері жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін жедел анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.