Астанада жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмауды жұқтыру деректері маусымдық кезеңге байланысты артып келеді. Елордада медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтіліп, ауруханадағы төсек-орын саны көбейтілді. Сондай-ақ жедел жәрдем қызметінің дайындығы қамтамасыз етілді. Бұл туралы Астана қаласының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімханов мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта қалалық стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас ем қабылдап жатыр. Олардың 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдай бастаған. Олардың қатарында 1 551 бала және 20 жүкті әйел бар. Бұдан бөлек, емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 науқас бар, оның ішінде 3 132 адам амбулаториялық ем қабылдап жатыр.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында елордадағы емханалар мен жедел жәрдем қызметінің жұмысы күшейтілді. Медициналық ұйымдарда сүзгі кабинеттері мен шұғыл көмек көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Онда респираторлық инфекция белгілері бар науқастар басқа келушілерден бөлек қабылданады.
Жұмыс күндері кабинеттер сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.
Маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты елордада ауруханадағы төсек-орын саны да арттырылды.
Сонымен қатар Астанада тұрғындарға маусымдық тұмауға қарсы вакцина салу жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінгі таңда 143 619 адам екпе алған. Оның ішінде 29 592-сі – бала, 114 027-сі – ересек адам.
Мамандар тұрғындарға аурудың алдын алу шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда, қолды жиі жуу, бөлмені желдету және науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу ұсынылады. ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгініп, өз бетінше емделмеу қажет.
Елордадағы эпидемиологиялық жағдай бейінді қызметтердің тұрақты бақылауында. Медициналық ұйымдар тұрғындарға уақтылы әрі қолжетімді көмек көрсету жұмыстарын жалғастырып жатыр.