Оралда «Kodokan Spirit» атты дзюдо орталығы ашылды. Аталмыш орталықтың ашылуына және Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай жаңа орталықта 2010-2011 ж.т. кіші жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Орал қаласының ашық турнирі өткізілді. 9 салмақ дәрежесінде белдескен спортшылар тартысты өнер көрсетті, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жалпы турнирге облысымыздың аудандарынан және мектептерінен 180-ге тарта спортшы келіп қатысты. Өз облысымыздан бөлек көршілес Ақтөбе облысынан да 1 команда жарыста бақ сынады. Ақысыз түрде өткізілген турнир барша карантиндік талаптарға сай көрерменсіз және медициналық маска тағып отыру арқылы өткізілді. Жарыс залында қатысушылар мен бапкерлер, төрешілер ғана болды. Жарысқа қатысушылардың аталмыш спортқа деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі күрес барысынан байқалады және спортшылардың болашағынан зор үміт күттіреді.
Ғайса Жұмалиев, «Kodokan Spirit» дзюдо орталығының негізін қалаушысы, басшысы:
- Мен өзім дзюдо спортын ерекше жақсы көремін. Кезінде спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғадым. Қазіргі таңда ардагерлер арасындағы дзюдо күресінен халықаралық жарыстарға қатысып жүрмін. Германиядан, Словакиядан 3 орын алғаным бар. Осы спорт түрін ерекше жақсы көретіндіктен дзюдо орталығын ашуды мақсат қылып қойдым. Өткен жылдың жаз айында жоспарлап, 10 ай ішінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 шілде күні орталық толық дайын болды.
Қазіргі күннің өзінде орталыққа 180-ге тарта оқушы жазылды. 6 жастан 16-17 жасқа дейінгі жастағы балалар жазыла алады. Болашақта тегін жазылушы оқушылар санын 300- ге жеткізу жоспарда бар. Орталықта 6 бапкер бар, 4-і тұрақты жұмыс істейді, 2-і резервте. Спортшы саны өскен сайын, қызметкерлер саны да өсетін болады.
Шара соңында 9 салмақ дәрежесінде күш сынасқан кішкентай балуандар жүлделі орындарымен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерге 9 – І орын, 9 – ІІ орын және 18 – ІІІ орын , жалпы алғанда 36 медаль табысталды.
Орал қаласы