Қазақстан сиыр етінің экспорт көлемін ұлғайтып, биыл 43 мың тоннаға жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34,4 пайызға жоғары. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты. Атап өткеніндей, қой етінің экспорт көлемі 30 мың тоннаны құраған, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Құжат аясында еттің барлық түрі бойынша өндіріс көлемін 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін, ал ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы сүт өндірісін 1,4 миллион тоннадан 2,1 миллион тоннаға дейін арттыру көзделген.
Өнімділік көрсеткіштері бойынша да нақты межелер белгіленді. Қазіргі таңда әрбір 100 сиырдан орта есеппен 64 бұзау алынады. Бұл көрсеткішті кемінде 80-ге жеткізу қажет. Ірі қара малдың тәуліктік орташа салмақ қосуын 600–800 грамнан 1,5–1,8 килограмға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ал заманауи сүт фермаларында әр сиырдан жылына алынатын сүт көлемін 10 мың литрге жеткізу көзделген», – деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін еліміздің өзге өңірлеріне тарату бағдарламасы аясында 2023 жылдан бері 102 тауарлы-сүт фермасының жобасы қаржыландырылған. Бүгінде оның 71-і пайдалануға берілді.