Қазақстан аталған елдерге астық экспортын арттырды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Өзбекстанға астық жеткізу көлемі 8,8 пайызға өсіп, 1,39 млн тоннаға жетті. Тәжікстанға экспорт 9,6 пайызға артып, 417 мың тоннаны құрады. Қытайға астық жеткізу көлемі 1,8 есеге өсіп, 436 мың тоннаға, ал Ауғанстанға экспорт 1,6 есеге артып, 632 мың тоннаға жетті.
Жалпы, биыл астық пен астық баламасына шаққандағы ұн экспортының көлемі 16 млн тоннаны құрады. Өткен маусымда бұл көрсеткіш 15,3 млн тонна болған еді.
Экспорттың өсу үрдісі биылғы маусымда да жалғасып отыр. Қыркүйек айынан 10 қарашаға дейін 3,28 млн тонна астық экспортталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,4 пайызға көп.
«Біздің міндетіміз – дәстүрлі нарықтардағы орнымызды нығайту, жаңа өткізу нарықтарын игеру және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін өнім өткізудің тұрақты әрі болжамды жағдайларын қамтамасыз ету», – деді Айдарбек Сапаров.