Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және “Рухани жаңғыру” бағдарламасыаясында Орал шаһарында жаңа мәдениет ошағы – «Атамекен» өнер ордасы көрерменге есігін айқара ашты. Қазан айының 8 жұлдызы аталмыш өнер ордасының ашылу салтанаты өткізіліп, салтанатты шарада «Асқақ Атамекен» атты концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Айрықша үлгідегі кешеннің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоқжанов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева және Қарашығанақ петролиум оперейтингтің бас директоры Джанкарло Рую құттықтау сөз сөйлеп, барша шаһар тұрғындарын аталмыш мәдениет ошағының ашылуымен құттықтады. Қонақтар 30 жылдық мерейтойға орай салынған аталмыш өнер ордасының өңіріміздегі мәдениет саласының одан әрі дамуына үлкен үлесін тигізеріне сенімділіктерін жеткізді. Сонымен қатар рухани қазына орталығына айналуды мақсат еткен өнер ордасының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрі Балаева Аида Ғалымқызы, Қазақстан Республикасының сауда және интеграция министрі Сұлтанов Бақыт Тұрлыханұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, скрипкашы Мұсақожаева Айман Қожабекқызы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Хасанғалиев Біржан Ескендірұлы және Нұр – Сұлтан және Алматы қалаларының, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының делегациялары қатысты. Осы орайда «Атамекен» өнер ордасының салтанатты лентасын қию рәсімі Ералы Тоқжановқа, Ақұштап Бақтыгерееваға, Біржан Хасанғалиевқа және Айман Мұсақожаеваға ұсынылды.
Келесі кезекте қонақтар өнер ордасымен танысу мақсатында әрбір өнер бөлмелерін аралады. Қонақтар арнайы залдарда бишілердің, шеберлердің, күйшілердің жұмысымен танысып, АҚШ-тағы балаларға онлайн домбыра үйрету сәтіне де куә болды. Домбыра үйрету сабағын Қазақстан Республикасы Күйшілер Одағының төрағасы А.Кенжеғалиев жүргізді. Сонымен қатар қонақтар назарына Нидерланд, Италия және Батыс Қазақстан облысы қылқалам шеберлерінің көрмесі мен арнайы ұйымдастырылған мұражай көрмесі ұсынылды.
Өнер ордасының ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен жалғасты. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Нәжімеденұлы Есқалиев құттықтау сөз сөйлеп, алыстан ат арытып жеткен қонақтарға Ақжайық елінің атынан ризашылығын білдірді. «Туған еліміздің тұғыры биік, халқымыздың мәртебесі асқақтап тұруы үшін жаңадан салынған өнер ордасына «Атамекен» деген әдемі атау бердік. Сән-салтанаты келіскен осынау өнер ордасы ұлтымыздың руханиятына қосылған тамшыдай болса да үлесіміз деп есептейміз» деді облыс басшысы өз құттықтау сөзінде. Келесі кезекте жиналған барша қауым назарына ұсынылған концерттік бағдарламада еліміздің қас таланттары өнер көрсетіп, көрерменге ерекше көңіл-күй, керемет әсер тарту етті. «Атамекен» сахнасында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі және Орал қаласының орыс халық аспаптар оркестрі, облысымыздың өнер шеберлері мен елге танымал өнері майталмандары – Айман Мұсақожаева, Біржан Хасанғалиев, Дина Хамзина, Нұрлан Бекмұхамбетов, Жанна Орынбасарова, Жұлдызбек Өтешқалиев және Елена Низамутдиновалар өнер көрсетті.
Тұңғыш Президент алаңында орналасқан өнер ордасы үш қабаттан тұрады. 2019 жылдың маусым айында іргетасы қаланған нысанды салуға 9 465, 254 млн. теңге жұмсалған. Аумағы 19 901,17 шаршы метрді құрайтын жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарын «Альтаир» ЖШС жүргізген. Төменгі қабатта автотұрақ орны, декорациялар шеберханасы мен ас блогының қоймалары бар. 1 қабатта 72 орындық кафе, кассалар, кезекшінің бөлмесі, әкімшілік кабинеттер, медициналық пункт, сахналық костюмдер қоймасы, киім ілу орны жасақталған. Екінші қабатта әкімшілік кабинеттер, экспозициялық және көрме залы, 50 адамға және 25 адамға арналған мәжіліс залдары мен фуршет залы орналасқан. Үшінші қабат бірнеше кабинеттер, әмбебап дайындық залы, 36 адамға арналған конференц-зал, гримм бөлмесі, костюм бөлмесі, сонымен қатар 30 орындық әртістерге арналған кафеден тұрады.