Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кәсіпкерлердің қатысуымен кезекті абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары өтті. Бұл жолы елордалық кәсіпкер өз нысанына іргелес аумаққа ағаш көшеттерін отырғызып, қаланы көгалдандыруға үлес қосты, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара Жеңіс көшесінде орналасқан грузин мейрамханасының маңында өтті. Кәсіпкер Исадин Азаматов мейрамханаға іргелес аумаққа ағаш көшеттерін отырғызып, оның тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарауға ниетті екенін атап өтті.
Акция барысында кәсіпкерге нысанға іргелес аумақты күтіп-ұстауға арналған маусымдық түбіртек-парақ табысталды. Құжатта аумақты уақтылы тазалау, жасыл желектерді күтіп-баптау, тазалық пен тәртіпті сақтау жөніндегі негізгі ұсынымдар көрсетілген.
Кәсіпкер «Таза Қазақстан» бастамасын қолдайтынын айтып, өзге бизнес өкілдерін де елорданың көркеюіне атсалысуға шақырды.
«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында мейрамханамыздың айналасын абаттандырып, ағаш көшеттерін отырғызып жатырмыз. Қала әкімдігі тарапынан іргелес аумақты таза әрі көрікті ұстау жөнінде ұсынымдар берілді. Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Барша кәсіпкерлерді қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз», — деді Исадин Азаматов.
Астана қаласының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Шухрат Жораевтың айтуынша, қаланың келбетін жақсартуда кәсіпкерлердің белсенділігі маңызды.
«Бүгінде кәсіпкерлердің өз бизнесін дамытып қана қоймай, қаланы абаттандыруға да белсенді атсалысуы маңызды. Күзгі ағаш отырғызу маусымы енді басталды. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясы аясында іргелес аумақтарды көгалдандыру және кәсіпкерлерді экологиялық бастамаларға тарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады», — деді Шухрат Жораев.
Мұндай бастамалар бизнес өкілдерінің қалалық ортаға деген жауапкершілігін арттырып, Астананың таза, жасыл әрі жайлы қала ретінде дамуына ықпал етеді.