«Таза бейсенбі»: Астанадағы қар полигонынан 70 тонна қоқыс шығарылды. «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында Алматы ауданындағы қар полигонында және оған іргелес аумақта жалпы тазалау жүргізілді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Экологиялық акцияға Алматы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, AMANAT партиясының мүшелері, елордалық мәслихат депутаттары, еріктілер және ауданның белсенді тұрғындары қатысты.
AMANAT партиясы Алматы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлмира Ақтайлақова акцияға 100-ден астам адам қатысқанын айтты.
Айта кетейік,«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасуда.Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.