Орал қаласында «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы аясында ұйымдастырылған екі күндік ауқымды шара аяқталды. Жобаны «Bolashaq» Қауымдастығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде ұйымдастырды.
Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған шара елімізде алғаш рет қолға алынып отыр. Бүгінде аталмыш шара Орал қаласында жалғасып, оған БҚО, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан 200-ден астам жас белсенді қатысты.
«Орал қаласында өтіп жатқан неторкингке Ақтөбе облысынан отызға тарта жас қатысты. Бүгінігі шара – бізге берілген үлкен мүмкіндік. Басқосу арқылы жаңа жобалармен танысып, оны өз өңірімізде жүзеге асыруды ойға алып отырмыз. Ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары. Бұл шара әрі қарай өз жалғасын табатынына сенемін. Себебі, жастарға әрдайым қолдау қажет», - дейді Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық ЖРО-ның қызметкері Айтуған Өтемова.
Сонымен қатар ҮЕҰ мен ЖРО өкілдері, жас кәсіпкерлер үшін екі күн бойы белгілі спикерлер тренинг, мастер-класс, семинарлар өткізіп, диалог алаңдарын құрды.
Шараның екінші күнінде «Қазақстан жастары конгресі» ЗТБ атқарушы директоры Нұрлан Өтешов жастарға тренинг өткізіп, пікір алмасты.
Сондай-ақ «Арнау» даму орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы, блогер Ұлан Әбішов «Жастарға арналған әлеуметтік жобаларды іске асыру» атты семинар жүргізіп, шараның маңыздылығын түсіндірді.
«Бүгінгі шара жастар үшін өте маңызды. Қазір жастарға нетворкингтің қажеттілігі артып келеді. Қарап тұрсаң, жастардың басым бөлігі өзімен-өзі тек бір ғана техниканы қолына ұстап, ешкіммен араласпай, тұйықталып қалады. Сол себепті жастарға нетворкинг шарасына қатысу, байланыс орнату маңызды. Оның үстіне «Bolashaq» қауымдастығының түлектері шетелде түрлі ЖОО-да білім алған. Олар шетелдік, республикалық тәжірибенің қандай екенін жақсы біледі. Сол үшінде жастарға осындай қажетті шара ұйымдастырып, қолдау білдіруде», - дейді Ұлан Әбішов.
Шара соңында «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасына қатысушы жатарға арнайы сертификаттар табысталды.
Ескерте кетейік, «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасуы» жобасы Орал қаласынын өзге Алматы, Шымкент, Павлодар өңірлерінде жалғасады. Жоба нәтижесі бойынша ҮЕҰ мен ЖРО-ның ең үздік қазақстандық тәжірибесі негізінде арнайы жинақ жарық көреді.