Ағымдағы жылдың 23 тамызында «Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» ММ, «Халықаралық құқық қорғау орталығы» РҚБ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы және «Халықаралық Медиация орталығы» РҚБ Батыс қазақстан облысы бойынша филиалы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Жоғарыда көрсетілген Меморандумдардың мәні медиацияны, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін уақтылы және сапалы қорғау үшін жанжалдарды, дауларды шешудің басқа да балама тәсілдерін дамыту болып табылады. Осы мақсатта Тараптар арасындағы ынтымақтастықты дамыта отыра, ортақ шешімге келуге көмек беру – басты міндеттердің бірі.
Медиацияның ертедегі қазақ қоғамындағы билер институтымен сабақтастығын байқауға болады. Бұл шара көне дəстүрді жаңғыртып, билер сотының мүмкіндіктерін сот істеріне араластыруды қолға алған. Азаматтық іс жүргізудегі медиация тəртібімен дауды реттеу мен бейбіт келісім жасаудың ұқсастықтары мен ерекшеліктері анықталған. Медиация адамдар арасындағы адамгершілік жəне іскерлік қатынастарды сақтау сынды маңызды мақсаттарға қызмет етеді. Медиация заңды жəне жеке тұлғалардың азаматтық еңбек, отбасылық, басқа да құқықтық қатынастардан туындаған азаматтық-құқықтық дауларды өркениетті түрде шешуге бағытталады.
Қазіргі уақытта медиация түсінігі біздің күнделікті өмірімізге енді деп үлкен сенімділікпен айтуға болады. Медиацияның даму болашағы өте зор, себебі медиация жанжалдасушы тараптарға қолайлы шешім қабылдайтын икемді рəсім болып табылады. Медиация тəртібімен дауды реттеу – ресми бейбіт келісімге келе отырып, адамдар арасындағы сыйластықты сақтауға көмектеседі. Медиация кезінде тараптар айтылған ұстанымдардан бас тартып, дауды реттеудің түрлі жолдарын қарастыра алатындығы — медиацияның, бейбіт келісімге қарағанда пайдалылығы жағынан айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Медиацияның басты айырмашылығы әрі артықшылығы – бұл жерде ұтқан немесе ұтылған тарап болмайды, екі жақ та ортақ мәмілеге келу керек.
Өзара ынтымақтастық шеңберінде медиативтік рәсімдерді түсіндіру және насихаттау, облыс тұрғындары арасында жанжалды жағдайларды соттан тыс реттеу үшін медиация институтын кеңінен енгізуді қамтамасыз ететін шараларды әзірлеу қолға алынып отыр. Азаматтық, еңбек және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша медиацияны қолданудың мүмкіндіктері туралы бірлескен іс-шаралар өткізілетін болады.