Орал қаласында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырмасы бойынша «Еңбек шартын жасаңыз» атты республикалық акция жүргізілуде. Осы орайда 19 тамызда акция аясында еңбек инспекциясы басқармасының қызметкерлері шағын бизнес саласындағы жұмыс берушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Түсіндіру жұмыстары кәсіпкерлік субъектілері шоғырланған негізгі орындарда, атап өтсек көлік жуу және қоғамдық тамақтану орындарында өткізілді. Шара барысында еңбек шартынсыз жұмыс жасайтын жалдамалы қызметкерлерді заңдастыру бойынша іс-шаралар талқыланды және еңбек мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ заңнаманы бұзудың салдары түсіндірілді.
Мұндай шаралардың негізгі мақсаты тұрғындар арасындағы құқықтық сауаттылықты қалыптастыра отыра, қоғамда халықтың жұмыспен бейресми түрде қамтылуына теріс көзқарас қалыптастыру, еңбек қатынастарын формализациялау, бейресми еңбек қатыстарында тұрған азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне тарту болып табылады. Осы тақырып жөнінде халықтың кеңінен ақпараттануы үшін мемлекеттік органдардың және әлеуметтік мекемелердің қатысуымен медиа құралдар арқылы халық арасында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізу жоспарға алынып отыр.
Қоғамымызда жұмыс берушілердің салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлемеу үшін жұмысшылардың құқықтық сауатсыздығын пайдалану мәселесін жою үшін осы сынды арнайы шаралар өткізіліп тұру керек. Мұндай құқық бұзушылық көбіне құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығы саласында кездеседі. Қызметкерлерді жұмыс шартын жасаспай тұрып жұмысқа кірістірген жұмыс берушіге ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде айыппұл санкциясы қарастырылған. Айыппұлдың көлемі лауазымды адамға 30 АЕК-ден және ірі бизнес субъектілеріне 200 АЕК дейін(2021 жылы АЕК – 2917 теңге). Еңбек шартын жасаспау фактілері орын алған жағдайда азаматтар БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасына хабарласуға болады.
Жыл басынан бері еңбек заңнамасының бұзылуына байланысты облыстық еңбек инспекция басқармасына 492 арыз-шағым келіп түскен екен. Түскен шағымдар бойынша 73 тексеру жұмыстары өткізіліп, нәтижесі бойынша 101 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 84-і аталған еңбек қатынастарына қатысты. Бүгінде бұл мәселелер шешімін тапқан.
Кездесу қорытындысы бойынша азаматтарға және кәсіпкерлік субъектілеріне еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша жадынамалар таратылып, түсінік жұмыстары жүргізілді.