Астана қаласында мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізіліп отыр. Бұл туралы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев баспасөз конференциясы барысында мәлімдеді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде елордада 481 мыңнан астам жас бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30 мың адамға артқан. 16 жоғары оқу орнында 95 мыңнан астам студент білім алады. Жастарға арналған бастамалар, жобалар мен бағдарламалар олардың дамуына, жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік белсенділігіне серпін беріп отыр. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 5 023 жас жұмыспен қамтылған. Бұл «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыстар», «Алғашқы жұмыс орны» сияқты жобалар аясында жүзеге асты. Сондай-ақ, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы екі айдың ішінде 3 365 жас жұмыспен қамтылса, маусым соңына дейін бұл көрсеткіш 5 200-ге жетеді деп күтіліп отыр.«Joltap» жобасы аясында жастар 7 цифрлық мамандық бойынша (SMM, таргетинг, контент-креатор, графикалық дизайн, видеомонтаж, веб-дизайн және базалық цифрлық дағдылар) және 11 жұмысшы мамандық (бариста, тігінші, сатушы, дәнекерлеуші және т.б.) бойынша оқып жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін: 5 300 жас жұмысшы мамандықтары, 2 700 жас цифрлық дағдылары бойынша білім алады.
Биыл 5 000-нан астам ерікті WORLD BOXING CUP ASTANA 2025, EcoFest, BI Marathon, Kazakhstan Machinery Fair және басқа да ірі қалалық және халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсенді қатысып, ұйымдастырушыларға жан-жақты қолдау көрсеткен. Олар аудармашы, үйлестіруші, қонақтарды қабылдау мен алып жүру бойынша қызметтер атқарған.Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары да назардан тыс қалмаған. «ESIRTKISIZ ELORDA» жобасы аясында рейдтер, спорттық жаттығулар, тренингтер, шығармашылық байқаулар өткен. 30 маусым күні Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының аумағында есірткіге қарсы салынған мурал салтанатты түрде ашылды. Бұл бейне жастарды салауатты өмірге үндеудің жарқын мысалына айналды.«Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық жастар сенбіліктерге қатысып, табиғатты қорғау мен зиянды әдеттерден аулақ болу мәдениетін насихаттауда. Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» бағыты бойынша есірткіге қарсы рейдтер мен спорттық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Әскери-патриоттық тәрбие бағытында «Жас сарбаз» жобасы жүзеге асырылып, 64 мектеп пен 14 колледжде 2 мыңнан астам тәрбиеленуші қамтылған. Жоба аясында ардагерлер мен батырлармен кездесулер, патриоттық әндер байқаулары, фильмдер көрсетілімі және басқа да іс-шаралар өтуде. Ал отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы ұйымдастырылып келеді. Қалада 10 аула клубы жұмыс істейді. Онда 2 500-ге жуық бала мен жасөспірім 130 үйірмеге тегін қатысады. Үйірмелердің 74 спорттық, 56 шығармашылық бағытта жұмыс істейді.Қазір елордада 64 студенттік жатақхана жұмыс істейді. 2025 жылы қосымша 3 400 орындық 7 жатақхана салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Аталған шаралар студенттер жатақханаларындағы орын тапшылығын толық шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі жоғары оқу орындарына оқу корпустары мен жатақханалар салуға арнап жер учаскелерін бөліп отыр.