2023 жылғы 23 қараша сағат 10.00-де Шымкент қаласының «Достық үйі» ғимаратында этносаралық келісімді сақтау мен нығайту, этноәлеуметтік қақтығыстарды алдын алу мақсатында «Шымкент қаласында этномедиацияны дамыту мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Семинар-тренингті Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Б.Өнербаев арнайы қатысып, ашты.Семинар тренингті Астана қаласынан арнайы шақырылтылған тренер-сарапшы, конфликтолог «Парасат» медиация және құқық орталығының кәсіби медиаторы Адаев Мұхар Мұхтарұлы, педогогика-психология магистрі, тренер-коуч, практикалық психолог, «Еуро Азиялық медиация орталығы» ҚБ-нің кәсіби медиаторы – Қожахметова Гүлжан Бектайқызы қатысушыларға практикалық талқылау, дискуссия, талдау және дәрістерін өткізді.
Шымкент қаласында этномедиацияны дамыту мәселелері «Достық үйі» ғимаратында үш күн бойы сағат 10.00-ден–17.00-ге дейінгі аралықта болады.
Сонымен қатар, семинар-тренингке тыңдаушы ретінде Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау,Тұран аудандары әкімдіктерінің этносаралық салаға жауапты қызметкерлері, басқармалардың, құқық қорғау органдарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, жалпы саны 50-ден аса адам қатысады деп күтілуде.
Үш күндік семинар-тренинг барысында «Этносаралық қақтығыстардың дамуының негізгі кезеңдері», «Әлеуметтік-тұрмыстық жанжалдардың этносаралық қақтығыстардан айырмашылығы», «Этносаралық қақтығыстардың шиеленісуіне ықпал ететін факторлар», «Этносаралық қақтығыстардың анатомиясы. Қақтығыстардың түрлері (А,В,С), қақтығыстар эскалациясының сатылары, этносаралық қақтығыстардың даму фазалары», «Көпшілік алдында сөйлеу және оған жазбаша дайындық» (интерактивті пікірталас), «Әлеуметтік медиадағы коммуникациялық менеджмент», «Шешендік өнер. Практикалық кейстерді талдау» тақырыптарында шағын дәрістер, талқылау-дискуссиялар, ой-пікірлерді қайта құрастыру бойынша практикалық жұмыстар өтетін болады.