Маңғыстау облысында "Қарасора" және "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында есірткі заттарын заңсыз сақтау және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру деректері анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
21 қазанда Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, ҰҚК департаментінің 5-басқармасы және "Арлан" арнайы бөлімшесінің қызметкерлері бірлескен операция жүргізді. Іс-шараға Чак атты қызметтік ит те қатысты. Сағат 21:10 шамасында Мұнайлы ауданында полицейлер 40 жастағы ер адам басқарған Renault Sandero автокөлігін тоқтатты. Көлікті тексеру барысында алдыңғы жолаушы орындығының алдындағы зат салатын бөліктен марихуана салынған пакет табылып, тәркіленді. Одан әрі жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Мұнайлы ауданының өнеркәсіптік аймағында есірткі құрамдас өсімдіктерді өсіруге арнайы жабдықталған үй-жай анықталды.
Тінту кезінде 44 түп қарасора, өсімдіктерді өсіруге арналған 13 ультракүлгін шам және 15 таймер құрылғысы тәркіленді. Өлшеу актісіне сәйкес, тәркіленген заттар мен өсімдіктердің жалпы салмағы 14 келі 20 грамды құрады. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296 және 300-баптарымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Полиция құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру мен есірткі заттарын заңсыз сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.