Жуырда облысымызда әлеуметтік желі мен қоғамдық өмірде белсенді облыс жастарының қатысуымен ауыл өмірін насихаттауды мақсат еткен «Ауыл life» жобасы бастау алған еді. Алғаш Тасқала ауданында оздырылған жоба Теректі және Казталов аудандарында жалғасын тапты, деп хабарлайды kazlenta.kz.
Аталмыш жобаның мақсаты — ұлттық құндылықтармызды дәріптеу, ұмытыла бастаған дәстүрлерімізді жаңғырту, қала және аудан жастарының арасында пікір алмасу алаңын қалыптастыру болып табылады. Жоба қатысушылары жайдарманшылар, блогерлер, әншілер мен жас кәсіпкерлер атанды. Теректі ауданында оздырылған шарада алдымен қонақтар «Тақсай ханшайымы» кесенесімен танысып, одан кейін Алебастр жарында болды. Шара Теректі ауданына қарасты Долин ауылдық округінің Төңкеріс ауылында өткізілді. Шараны ұйымдастыруға облыстық және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Теректі аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық ішкі саясат бөлімі және Долин ауылдық округі әкімдігі қолдау көрсетті.
Шара аясында аудан жастары мен облыс орталығынан келген қонақтар үш топқа бөлініп, ат арба жегу, қой тасу, қи ою, ұршық иіру, жүн түту, ұлттық тағамдар дайындау сайыстары бойынша өзара үздіктерді анықтады. Нәтижесінде, «Super star.kz» командасы жүлделі І орынды қанжығалады. «Ауылдастар» командасы ІІ орынға ие болса, үздік үштікті «Орманшылар» командасы түйіндеді.
Аталмыш жоба Казталов ауданының Тереңкөл ауылында өз жалғасын тапты. Жобаның ашылу салтанаты шағын концерттік бағдарламамен С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова және дербес бөлім басшылары қатысты. Концерттік бағдарлама барысында облыстық жастар ресурстық орталығының басшысының орынбасары Аңсар Ибраев жобаның мақсатымен таныстырып, жоба маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар сахна төрінде ән шырқалып, әзіл де сахналанды. Жоба қатысушылары асық арқылы жеребе суырып, көпшіліктің алдында топқа бөлінді. Олар сиыр сауу, қи теру, құрық салу, қой бөлу, жілік бөліп, ет асу, ат жарыс сынды кезеңдер бойынша бақ сынады.
Аз уақытта ауыл тіршілігін бойларына сіңіруді мақсат еткен жастардың талпынысы мен ептілігіне аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, Тереңкөл ауылдық округінің әкімі Сабыржан Ищанов куә болып, оң бағасын берді. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы жоба ұйымдастыруышылары мен қатысушыларына, жоба демеушілеріне ризашылығын білдіріп, жобаның ғұмырлы болуына лебіз білдірді. Жарты күнге созылған жоба қорытындысы бойынша «Қаладағы ауылдықтар» ІІІ орынға, «Адал» ІІ орынға, ал «ЖАНА» командасы І орынға ие болды. Жобаға қатысушы командаларға арнайы алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Осымен 3 ауданда оздырылған жоба алдағы уақытта облысымыздың барлық аудандарында жалғасын таппақ.