Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – көлік министрі Әсел Жанасова Ұлытау облысындағы ұзындығы 208 шақырым болатын Қызылорда – Жезқазған автожолының реконструкцияланған соңғы учаскесінде көлік қозғалысын ашты. Осылайша, еліміздің оңтүстік және орталық өңірлерін байланыстыратын жалпы ұзындығы 400 шақырымға жуық жолды реконструкциялау жұмыстары толық аяқталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызылорда – Жезқазған автожолын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Президент 2026 жылдың соңына дейін жолдың бүкіл ұзындығы бойынша көлік қозғалысын ашуды тапсырған болатын.
Жоба аясында 4 млн текше метрге жуық топырақ жұмыстары жүргізіліп, 1 млн тонна құм мен қиыршықтас қоспасы, сондай-ақ 650 мың тонна ұсақталған тас пен құм қоспасы пайдаланылды және 1,3 млн тонна асфальтбетон төселді. Сонымен қатар төрт көпір, 78 су өткізу құбыры және мал айдап өтуге арналған 18 өткел салынды. Құрылыс жұмыстарына 1,2 мыңға жуық маман мен 800 бірлік техника жұмылдырылды.
«Қызылорда – Жезқазған жобасы – Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының нақты нәтижесі. Қызылорда – Ақтөбе, Қарағанды – Жезқазған және Арал – Каспий бағыттарындағы жобалармен бірге оңтүстік, орталық және батыс өңірлерді байланыстыратын заманауи көлік желісін қалыптастырып жатырмыз. Біз жай ғана жол салып жатқан жоқпыз, ел экономикасының көлік негізін қалыптастырудамыз», — деді Әсел Жанасова.
Өткен жылы Қызылорда облысындағы ұзындығы 192 шақырым болатын қайта жаңғыртылған учаскеде көлік қозғалысы ашылған еді. Ал Ұлытау облысындағы учаскенің пайдалануға берілуі Қызылорда – Жезқазған автожолын жаңғырту жұмыстарының толық аяқталғанын білдіреді.
Бұған дейін жолдың жағдайы сын көтермей, ұзақ жылдар бойы елдегі күрделі көлік бағыттарының бірі болып келді. Оны қайта жаңғырту өңірлер арасындағы қатынасты жақсартуға, жол қауіпсіздігін арттыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жаңартылған жол жол жүру уақытын қысқартып, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттырады. Сондай-ақ өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.