Ауа райының суытуына және су айдындарында мұздың қатуына бастауына байланысты Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жұқа мұз үстінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр. Қазір қаладағы су айдындарының маңына 270 ескерту белгісі орнатылған. Қосымша белгілерді орнату жұмыстары жалғасуда. Су айдындарындағы ахуалды тәулік бойы бақылау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 152 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Қайырбек Тұрсымбаев жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, су айдындарының жағалауларында жаяу патрульдеу шарасы ұйымдастырылған. Президент саябағы мен коммуналдық жағажай аумағындағы құтқару бекеттерінде құтқарушылар күн сайын кезекшілік атқарады. Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен, балық инспекциясымен және еріктілермен бірлесіп, апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіледі. Рейд барысында балықшылар мен тұрғындарға мұз үстінде жүру кезіндегі қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, ақпараттық материалдар таратылады.
Ол сөз арасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларына сәйкес, бір адамның мұз үстінде қауіпсіз жүруі үшін оның қалыңдығы кемінде 10 сантиметр болуы қажет екенін еске салбы. Ал бұқаралық спорттық және мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде мұздың қалыңдығы кемінде 25 сантиметр болуы тиіс. Қысқы балық аулауды ұнататын азаматтар да қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы керек. Мұздың қалыңдығы 25 сантиметрден аз болған жағдайда балық аулауға шыққандардың жанында жеке құтқару құралдары болуы міндетті. Олардың қатарына құтқару кеудешесі, ысқырық, мұздан шығуға арналған арнайы сүймендер, диаметрі кемінде 11 миллиметр және ұзындығы кемінде 12 метр арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, сондай-ақ су өткізбейтін қаптамадағы ұялы телефон жатады. Мұз қату және еру кезеңінде, қараңғы уақытта, сондай-ақ көріну деңгейі төмен болған жағдайда су айдындарының мұз бетіне шығуға тыйым салынады.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін оларды сақтауға міндетті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жеке тұлғаларға 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жұқа әрі толық қатпаған мұз үстіне шықпауға, балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға және ескерту белгілеріне назар аударуға шақырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне дереу хабарласу қажет», – деп басқарма бастығы сөзін қорытындылады.