SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы аясында оңтүстіккореялық сәулетші, ILLO Architects компаниясының негізін қалаушы Джей Дык Ю Алматының сәулеттік келбеті мен қаланың даму мүмкіндіктері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматыға алғаш рет келген сәулетші қала табиғаты ерекше әсер қалдырғанын айтты. Әсіресе шаһардың кез келген дерлік нүктесінен тау көрінісін тамашалауға болатыны оны таңғалдырған.
Сәулетші Алматының бас жоспарына қатысты ұсыныс айтты. Оның пікірінше, қаланың тарихи бөлігіндегі аласа қабатты құрылысты сақтап, жаңа құрылыс жобаларын орталықтан тыс аумақтарда дамыту маңызды. Осылайша, қаланың әр бөлігінен таудың әсем көрінісін тамашалауға болады.
Сонымен қатар сарапшы жүргіншілер қауіпсіздігіне, көлік жүктемесіне және ауа сапасына ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды. Ол мегаполисті дамытудың маңызды бағыттарының бірі ретінде экологиялық таза көлікті енгізуді атады.
Алматының сәулеттік нысандарының ішінде Джей Дык Ю музейлер мен «Қазақстан» қонақ үйін ерекше атап өтті.