Елордада балаларға арналған «Менің алғашқы кітабым» әдеби байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары мен қатысушылары марапатталды. Жоба Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Салтанатты іс-шара Президент орталығында өтті. Байқауға 7-15 жас аралығындағы жас авторлар қатысты.
Байқау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар балалар арасында кітап оқуды насихаттаумен ғана шектелмей, оларға нағыз жазушы ретінде өздерін сынап көруге мүмкіндік берді. Яғни балалар өз қиялынан оқиға құрастырып, кейіпкерлерін ойлап тауып, шығармаларын қазақ және орыс тілдерінде ұсынды.
Байқауға елордалық 59 жас автордан 70-тен астам жұмыс түсті.
Балалардың шығармаларына арқау болған тақырыптар да сан алуан. Достық, мейірімділік пен отбасылық құндылықтарды дәріптейтін дәстүрлі ертегілермен қатар, заманауи технологиялар, жасанды интеллект және адамзаттың болашағы жайындағы туындылар да көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Қатысушылардың бірқатары психологиялық тұрғыдан күрделі тақырыптарды да қозғаған. Мәселен, қыздардың бірі адамның мінсіз болуға ұмтылысы туралы шығарма жазған. Ол өз туындысы арқылы үнемі кемелдікке ұмтылу адамды бақытты ете бермейтінін, ең бастысы өзінің болмысын жоғалтпау екенін жеткізгісі келген.
Ал басқа шығармаларда отбасылық дәстүрлер, ата-әжелермен қарым-қатынас, мәдени мұраны сақтау және туған елге деген сүйіспеншілік тақырыптары қамтылған.
Басқа шығармаларда отбасылық дәстүрлер, ата-әжелермен қарым-қатынас, мәдени мұраны сақтау және туған елге деген сүйіспеншілік тақырыптары да көрініс тапқан.
Мәселен, жас авторлардың бірі өз кітабын Қазақстанға саяхаттауға арнаған. Ол әкесімен бірге еліміздің түрлі қалаларына жиі сапарлап, сол жолдардан алған әсерін шығармаға арқау етуді ұйғарған. Бала үшін туған елді тану география оқулығынан емес, әкесімен бірге жасаған шынайы саяхаттардан, жаңа жерлер мен бейтаныс көшелерді аралап, қалалармен танысудан басталады. Оның алғашқы кітабына да осындай жеке тәжірибесі негіз болған. Жас автор өзіне жақын әрі қызықты тақырыпты таңдап, саяхат арқылы Қазақстанды танып-білуге деген қызығушылығын қағазға түсірген.
Айгүл Асқардың айтуынша, қатысушылардың жұмысы жас ерекшеліктеріне қарай едәуір ерекшеленеді. Кішкентай балалар үшін байқау әдеби шығармашылықтағы алғашқы қадамдардың бірі болса, жоғары жас санатындағы қатысушылардың арасында өз бетінше жазылған, мазмұны жан-жақты пысықталған туындылар да бар.
Оның пікірінше, кейбір шығармаларды шағын кітап немесе прозалық жинақ түрінде басып шығаруға әбден болады. Байқау екі жас санаты бойынша өткізілді: 7-11 жас және 12-15 жас. Қазақ және орыс тілдеріндегі жұмыстар бөлек бағаланды.Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар қарастырылды. Бірінші орын иегеріне – 300 мың теңге, екінші орынға – 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңге.
Бұдан бөлек, ұйымдастырушылар әдеби шеберлік, идеяның ерекшелігі, отбасылық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтау сияқты бағыттар бойынша 12 арнайы номинация тағайындады. Бұл номинациялардың жеңімпаздарына 50 мың теңгеден берілді.
Байқауға қатысқан 59 баланың барлығына аты-жөні жазылған сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар байқау аясын кеңейтіп, еліміздің басқа өңірлеріндегі талантты балаларды да қатыстыруды жоспарлап отыр.