Қарағандыда демалыс күндері өткен мерекелік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтті. Жоспарлы патрульдеу кезінде қаланың орталық көшелерінің бірінде үйлену тойының кортежі анықталды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
"Күйеу жігіттің ағасы" деген жазулармен безендірілген бес автокөліктің жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өзге жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қауіп төндірген. Тойдың өтіп жатқанына қарамастан, патрульдік полиция қызметкерлері заң талаптарына сәйкес жедел шара қабылдады. Қауіпті маневрлердің жолы кесіліп, құқық бұзушылық жасаған барлық бес автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Жүргізушілер анықталған құқық бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Полиция заң талаптары барлық азамат үшін бірдей екенін еске салады. Ешқандай мерекелік шара немесе өзге де жағдай жол қозғалысы ережелерін елемеуге негіз бола алмайды.