Ұлытау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрескел құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері өңір аумағында көлікті әдейі сырғанатып, дрифт жасаудың 14 дерегі анықталды. Мұндай құқық бұзушылықтар көбіне жас жүргізушілер тарапынан, әсіресе той кортеждері мен мерекелік іс-шаралар кезінде жиі тіркеледі. Тәртіп сақшылары барлық 14 факті бойынша құқық бұзушыларды анықтап, көлік жүргізушілер жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және қоғамдық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Полиция ортақ пайдаланудағы жолдарда қауіпті маневрлер жасау жол-көлік оқиғаларына әкеп соқтырып, жол қозғалысының өзге қатысушылары мен жаяу жүргіншілердің өміріне тікелей қауіп төндіретінін ескертеді.