Алматыда қала әкімі Дархан Сатыбалдының басшылығымен 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындыланып, келесі кезеңге дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы, маусым тұрақты әрі қалыпты өтті, айтарлықтай іркіліс тіркелген жоқ. Апаттық қызметтер жедел жұмыс істеп, ақауларды уақытылы жойды. Сонымен қатар желілердегі зақымдану саны азайған. Атап айтқанда, жылу желілерінде 276 жағдай, су жүйесінде 434, газ желілерінде 153 жағдай тіркелді. Сонымен бірге инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі әлі де жоғары. Жылу желілерінің тозуы — 53,9%, электр желілері — 63,3%, қазандық жабдықтары — 63%-дан асады.
2026 жылға ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Атап айтқанда, жылу, су және электр желілерін, сондай-ақ қазандықтар мен газ инфрақұрылымын жөндеу және жаңарту көзделген. Қала әкімі негізгі міндет — тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету екеніне тоқталды. Осыған байланысты жұмыстарға бақылауды күшейту және жөндеу жұмыстарының қарқынын жеделдету жөнінде тапсырма берілді.