Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты екі дерек анықталды, — деп хабарлайды kazlenta.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Елордада прокуратураның үйлестіруімен өткізіліп жатқан есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылға бағытталған 30 күндік кешенді шаралар жалғасуда. Оның аясында полицейлер бірден екі заңсыз есірткі айналымы фактісін әшкереледі. Алғашқы жағдайда 30 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол есірткі таратумен қатар, үйінде заңсыз өсірумен де айналысқан. Жедел іс-шаралар барысында оның жеке үйінің бір бөлмесінде марихуана өсіруге арналған шағын жылыжай жабдықталғаны анықталды.
Тексеру кезінде полиция 15 түп есірткі өсімдігін, сондай-ақ арнайы шамдар, желдеткіш және температураны ұстап тұратын құрылғыларды тәркіледі. Бұдан бөлек, ол синтетикалық есірткіні де сатумен айналысқан. Күдікті “қалташаларды” қойып жүрген сәтінде автотұрақта ұсталды. Үйін, көлігін және жеке заттарын тінту барысында полицейлер “Альфа PVP” заты салынған 40-тан астам түйіншек тапты. Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, тергеу жүргізілуде. Екінші жағдайда есірткіні сақтау дерегін бейнебақылау жүйесінің арқасында анықтау мүмкін болды.
Түнде Орталық жедел басқару орталығының операторлары көпірдің үстінде жүрген жас жігіттің күдікті әрекетін байқап, дереу жақын маңдағы патрульдік экипажға хабар берді. Оқиға орнына келген полицейлер оның 19 жастағы қала тұрғыны екенін анықтады. Ол көлік жуу орнындағы ауысымнан қайтып келе жатқан. Тексеру кезінде оның жанынан ерекше иісі бар жасыл түсті зат салынған түйіншек табылды. Сараптама қорытындысы бойынша бұл гашиш болуы мүмкін. Жігіт ұсталып, есірткіні сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Полиция еске салады: құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру, тарату және сақтау — ауыр қылмыс, ол үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Құқық қорғау органдары азаматтарды кез келген заңсыз есірткі айналымы фактілері жөнінде “102” нөміріне хабарлауға шақырады.